Игита: «Жеңіс арқамыздан ауыр жүкті түсіргендей болды»
- Еуропа чемпионатында қатарынан үш рет гол соқтыңыз. Тарихи жетістікпен құттықтаймыз.
- Бұл – тарих! Өте қуаныштымын. Бүгінгі ойында менің голымнан гөрі жеңістің маңызы зор. Жеңіс арқамыздан ауыр жүкті түсіргендей болды. Италиямен өтетін ойынға дайындалу үшін 3-4 күн бар. Олардың ойынын талда, саралап, зерттейміз. Қазақстанда ұйқысын бөліп, қолдау көрсеткен барша жанға алғысым шексіз. Әлі ештеңе жеңген жоқпыз. Тобымыздағы кез келген команданың плей-офф кезеңіне шығуына мүмкіндігі бар. Қазақстан құрамасы бірінші орын алуы тиіс. Шешуші ойын туралы ойлауымыз қажет.
- Еуропа чемпионатындағы екі ойынның айырмашылығы қандай?
- Әр ойынның және әр таймның айырмашылығы бар. Өйткені, Еуропа чемпионаты дайындық болмады деп айтуға болады. Көп проблема болды. Ойыншылардың жарақаты мен сырқат. Сонымен қатар, елімізде жыл басында болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көп уайымдадық. Словениямен алғашқы ойында тең нәтиже біз үшін жеңіс болды деп санаймын. Әрі қарай ойынды күшейте түсеміз. Финляндиямен өткен екінші тайм ойынымыздың деңгейі жоғары екенін дәлелдей түсті. Ең бастысы рухымыз бен мінезімізді көрсете алдық.