АЛМАС ҚҰЛШЫНБАЕВ: «20 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ҚҰРАМАҒА ОЙЫНШЫЛАРДЫ АЙМАҚТАРДАН ШАҚЫРДЫҚ»

АЛМАС ҚҰЛШЫНБАЕВ: «20 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ҚҰРАМАҒА ОЙЫНШЫЛАРДЫ АЙМАҚТАРДАН ШАҚЫРДЫҚ»

13 маусым 2018, 08:50
Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы Алмас Құлшынбаев Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 20 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиыны туралы айтып берді:

- Алмас Жақанұлы, жақында ғана 20 жасқа дейінгі Қазақстан аралық құрамасының оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Қысқа уақытта алға қойылған мақсаттарды орындай алдыңыздар ма?

- Қазақстан футбол федерациясының 20 жасқа дейінгі құраманы жинағаны жақсы болды. Астанада өткен жиында осы командамен жұмыс істейтінім шешілді. Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновпен жұмыстың концепциясын талқыладық. Оның ішінде менің командамның қандай жүйемен ойнайтыны туралы сөз қозғадық. Келесі іріктеу кезеңіне қатысатын футболшыларға селекциялық жұмыстар жүргізу міндеті алға қойылды. Жолдастық кездесуде екі команда да 5-3-2 жүйесін қолданатыны жөнінде келісімге келдік.

- Қысқа мерзім ішінде жасыл алаңда футболшылар бір-бірін қалай түсіне алды?

- Алғашқы жиында Талғат Байсуфинов алға қойған міндеттері мен талаптарын түсіндірді. Ойыншылардың бірнеше күн ішінде бір-бірімен түсінісуі маңызды болды. Сол себепті дене даярлығына баса мән бермедік. Футболшылар жылдам түсінді. Олар біздің философияны қабылдай алды. 2-3 күн еңбек етіп, бірнеше теориялық дәрістер өткіздік. Ойынның нәтижесі маңызды болмады. Қазақстан U21 құрамасынан Қазақстан U20 құрамасына 1998 жылғы футболшылар Наурызбек Жагоров, Геворг Наджарян және Оралхан Өміртаев тартылды. Жолдастық кездесуде  U21 құрамасын Марат Еслямов жаттықтырса, U20 құрамасын алаңға мен бастап шықтым. Бұл кездесу біз үшін сынақ болды. Талғат Байсуфинов екі команданың да жаттығу процесін бақылады. Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшелері Қайрат Нұрдәулетов пен Николай Родионовқа да үлкен алғыс айтқым келеді.

- 20 жасқа дейінгі аралық құрама қалай жиналды?

- Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынынан кейін Талғат Байсуфинов Бірінші лига ойыншыларын бақылауда ұстауымды сұрады. Футболшылардың статистикалық мәліметтерін жүргіздім. «Астана» мен «Қайрат» ойыншылары шақырылмады. Аймақтарға баса мән бердік. Алдағы жоспар – Екінші лига футболшыларының қатысуымен оқу-жаттығу жиынын өткізу.

Бөлісу
Жоғары