Станимир Стоилов: «Ертеңгі ойын қарсылас үшін жеңіл болмайды»
- Ең алдымен, Грузия құрамасын топтағы жеңісімен құттықтағым келеді. Бірінші орынды лайықты түрде жеңіп алды. Сенімді әрі жақсы футбол ойнады. Ойынға дейін біздің құраманың қатарында бірнеше өзгеріс болды. Үш-төрт футболшыны Қазақстан Кубогы мен Еуропа Лигасына дайындалу үшін босаттық. Еркебұлан Тұңғышбаевтың ескі жарақаты сыр беріп, Астанада қалды. Алайда, ертеңгі ойын қарсылас үшін жеңіл болмайды. Ұлттар Лигасының топтық кезеңіндегі соңғы ойында жақсы футбол көрсетіп, даму деңгейін жалғастыруды көздейміз. Алда ұзақ жол күтіп тұр.
- Бірнеше көшбасшы футболшы ойынға қатыспайды. Жастарға сенім артқалы отырсыз. Стадионға толық жиналатын жанкүйерлері бар Грузия құрамасынан қорықпайсыз ба?
- Біздің футболшылар да толық стадионға қуанады. Команданың қатарында тәжірибелі футболшылар жеткілікті. Қорқудың қажеті жоқ. Біздің құрамада жанкүйерлерге мереке сыйлай алатын футболшылар бар. Жаттықтырушылар штабы үшін әр футболшының деңгейін бақылауға берілген үлкен мүмкіндік. Әр футболшы үшін толық стадионда ойнап, өз деңгейлерін дәлелдеу маңызды. Стадион бос кезде кез келген футболшы ойнай алады.
- Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы төртінші ойыннан кейін топтан шығу мүмкіндігін жоғалтты. Нәтижені қалай түсіндіресіз? Грузия футболы Қазақ футболынан мықты ма?
- Грузия мен Қазақстанның ішкі чемпионатын салыстыратын болсақ, қазақстандық біріншілік мықтырақ. Құрамалар деңгейіне келетін болсақ, Грузия топта бірінші орында кездейсоқ тұрған жоқ. Грузия құрамасының басымдығы футболшыларының шетел чемпионаттарында доп тебуі және халықаралық тәжірибесінің молдығы. Алғашқы ойында біз жақғсы ойнадық. Кей жерде Грузиядан басым болдық.
- Ойынға қойылған тапсырма қандай?
- Тек жеңіс қанағаттандырады. Маңызды ойын. Турнирді үздік қарсыласпен ойнап, жақсы нәтижемен аяқтағымыз келеді. Қорытынды есеп ертең белгілі болады. іКім жеңіске лайық? Сол жеңеді.
- Грузия құрамасын жеңсеңіздер көп сыйақы беріледі екен. Бұл рас па?
- Жоқ. Турнир басталғаннан ешқандай сыйақы берілмеді.
- Грузия құрамасы жақында Андоррамен ойнады. Владимир Вайсс Грузия мен Қазақстанның шабуылдағы мәселелері бірдей деді. Келісесіз бе?
- Бізде бұл мәселе өте өзекті. Ішкі чемпионатта қазақстандық төлқұжаты бар шабуылшылар аз. Ұлттық құраманың ойыншылары деңгейлерін көтеріп, өздерін көрсетеді деп сенемін. Андорра мен Грузия құрамалары (1:1) арасындағы ойынға тоқталатын болсақ, қарсыласты бағаламау деп ойлаймын. Негізгі құрамның футболшылары алаңға шыққан жоқ. Сонымен қатар, Андоррадағы жасыл алаң жылдам футбол ойнауға мүмкіндік бермейді.
- Тосын шешім қабылдайтын бапкерлердің бірісіз. Оның үстіне әртүрлі сыбыстар айтылып жүр. Бас бапкер ретінде соңғы ойыныңыз ба?
- Ұлттық құраманың ойын үлгісін өзгертіп, жастарды шақыра бастадым. Көп жұмыс атқардық деп санаймын. Ұлттық құрама дұрыс жолды таңдады деп ойлаймын. Менің жұмысым Қазақстан футбол федерациясы президентінің көңіл-күйінен шықпаса, кетуге дайынмын. Мені тағайындайтын уақытта осындай келісім болған.