Семей қаласындағы мектептің спорт залына ел футболының танымал тұлғасының есімі берілді

Семей қаласындағы мектептің спорт залына ел футболының танымал тұлғасының есімі берілді

15 желтоқсан 2018, 21:50
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Семейде мектептің спорт залына ел футболының танымал тұлғасы Андрей Пинчуковтің есімі берілді.

Андрей Пинчуков – қазақстандық спорттың тарихындағы беделді тұлға. Футбол жолын Семейдің «Спартак» командасында бастап, 1976 жылдың 10 сәуірінде Нүкіс қаласында жергілікті «Әмудария» командасына қарсы алғашқы ойынын өткізді. Дәл осы командаға қарсы өткізген екінші айналымның ойынында футболшы алғашқы голын соқты. Келесі маусымда Андрей Пинчуков командасымен бірге КСРО Чемпионатының екінші лига командалары арасындағы аймақтық турнирінің жеңімпазы атанды.

«Спартак» капитаны 1983 жылы Қазақ ССР Кубогында жеңіске жетті. Андрей Пинчуков «Қайрат» (Алматы), «Шахтер» (Қарағанды), «Болат» (Теміртау), «Елiмай» (Семей) командаларында ойнады.

«Елiмайдың» қатарында үш рет (1994, 1995, 1998) Қазақстан чемпионы атанып, 1995 жылы Қазақстан Кубогын иеленді.  Жалпы саны 833 матч өткізіп, 71 гол соқты. Соңғы ойынын 1999 жылдың 11 мамырында Қазақстан Кубогындағы «Елiмай» мен «Синтез» арасындағы кездесуде өткізді. Ол кезде футболшы 42 жаста болатын. Әрі қарай спорттық ғұмырын бапкерлік қызметпен жалғастырған еді. Өкінішке қарай, 2016 жылдың 2 желтоқсанында кенет дүниеден озды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Андрей Пинчуков оқыған Семей қаласындағы №35 орта мектепте салтанатты шара ұйымдастырылды. Мектептің спорт залына ҚР спорт шебері Андрей Пинчуковтің есімі ресми түрде берілді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары