Қарсыласты таныстыру: Ресей құрамасы
2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің екінші ойынында біздің құраманың қарсыласы соңғы Әлем Чемпионатын қабылдаған Ресей командасы болмақ. Көршілес Ресей елінің футболы туралы ақпараттардан біздің елдің тұрғындары хабардар деп айтуға болады.
Станислав Черчесов шақырған ойыншылардың басым бөлігі жанкүйерлерге жақын таныс, есімдері мен ойнайтын клубтарының атауларында жақсы біледі. Ресей құрамасының тізімінде бірқатар талантты ойыншылар бар. Олардың кейбірі Еуропаның азулы клубтарында ойнайды.
Ресей құрамасының қақпасын Ұлттар Лигасында екі қақпашы күзетті. Оның бірі – мәскеулік «Локомотив» қақпашысы Маринато Гильерме, екіншісі – санкт-петербургтік «Зенит» ойыншысы Андрей Лунев.
Тәжірибелі қорғаушылар Сергей Игнашевич және ағайынды Березуцкийлер құрамамен қош айтысқан соң, «Спартактық» Георгия Джикия мен Илья Кутепов қорғаныстың басты кейіпкерлері болып саналады. Мәскеулік ЦСКА сапында ойнайтын бразилиялық Марио Фернандес - қорғаныс пен шабуылды қатар алып жүретін футболшы.
Жартылай қорғаныста Юрий Газинский («Краснодар»), Роман Зобнин («Спартак»), Александр Головин («Монако», Франция) және Денис Черышев («Валенсия», Испания) сынды ойыншыларды ерекше атауға болады. Мәселен, Денис Черышев 2018 жылғы Әлем чемпионатында төрт гол соғып, құраманың үздік сұрмергені атанды. Біздің көршілер Александр Головинге үлкен үміт артады. Оның Еуропадағы жарқын ойынын көргісі келеді. Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ресей футбол одағына берген сұхбатында Головиннің ойынына қатысты көзқарасын былай деп жеткізді: «Мен оның ойынын көру үшін арнайы Монакоға бардым. Ол дұрыс уақытта дұрыс жерде жүр. Біздің футболшының деңгейі мен жетістіктерін үнемі қадағалаймыз. Оның командасы қандай нәтиже көрсеткені біз үшін аса маңызды емес, ең бастысы спортшының бабында болғаны. Көзбен көргенімді айтып отырмын».
Шабуылшылардың арасында «Зенит» ойыншысы Артем Дзюба басты жұлдыз саналады. Соңғы Әлем чемпионатында үш гол соғып, командасының ширек финалға шығуына көмектесті. Мәскеулік «Локомотив» сапында ойнайтын Федор Смолов аздаған үзілістен соң ұлттық құрамаға қайта оралды. Станислав Черчесов Смоловты шақырғаны туралы: «Ол «Анжи» қақпасына гол соқты. Қалай жаттыққанын қарадық. Ұлттық құрамаға аз уақыт шақырылмады. Үзіліс бердік. Сөйлесеміз. Бабына қайта келеді деп үміттенемін», - деп ой қорытты.
Сонымен қатар, Станислав Черчесов таңдауы ЦСКА-ның жас шабуылшысы Федор Чаловқа түсті. Ол қазіргі уақытта 10 гол соғып, Ресей чемпионатының сұрмергендері көшін бастап келеді.
Ең көп ойын өткізген футболшы - Федор Смолов
Федор Смолов ұлттық құрамада 37 матч өткізіп, 12 гол соқты. Оның ізін қуып келе жатқан шабуылшы Артем Дзюбаның еншісінде 32 ойын. Түркияның «Истанбул Башакшехир» командасында ойнайтын Федор Кудряшов та үштікке ілікті. Ол 26 ойында жасыл алаңға шыққан.
Ең көп гол соққан футболшы - Артем Дзюба
Артем Дзюба статистика бойынша әр екінші ойында гол соғады. 32 рет алаңға шығып, 15 рет қарсыластың қақпасын тура көздеген. Федор Смоловтың есесбінде үш доп кем. Үздік үштікті 20 ойында 6 гол соққан Денис Черышев түйіндеп тұр.