Александр Москаленко: «Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайтын жастарды тәрбиелейміз»

Александр Москаленко: «Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайтын жастарды тәрбиелейміз»

02 сәуір 2019, 12:26
21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Москаленко Түркияда өткен «Antalya Cup 2019» турнирін қорытындылап, 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріне қойылған мақсат-міндеттерге тоқталды.

- Қазақстан жастар құрамасы 16-26 наурыз аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Ең алдымен Алматыда жиналып, кейін Түркияға жол тартты. Жиынның мақсаттары мен міндеттері қандай болды?

- Алғашқы жиында футболшылардың қаралымы болды. Жастар құрамасының үміткерлерімен таныстық. Өз кезегінде футболшылар жаттықтырушылар штабы ұсынған ойын философиясынан хабардар болды.  Тактикалық дәрістер жүргізілді. Жаттықтырушылар штабындағы өзгерістер ойын үлгісі мен сапасына әсер етуі мүмкін. Алматыда барлық мәліметті талдап, Түркияда турнирге қатыстық.

- Түркияда өткен «Antalya Cup 2019» турнирінде 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Латвия, Эстония және Украина жастарымен кездесті. Жарысты қорытындылап өтсеңіз...

- Турнирден алған тәжірибені пайдаға жаратамыз. Нәтиже көңілден шықпады. Өйткені, турнирде жеңіске жету міндетін алға қойдық. Жеңіске жету мүмкіндігін уыстан шығарыпа алдық. Ойынышылардың көбі халықаралық жарысқа алғаш рет қатысты. Латвиямен тең түстік – 1:1. Жеңіске жетуге болатын ойын еді. Кейін Эстонияны ұтып тұрып, есе жібердік. Үшінші ойында Украинаға жол бердік – 0:2. Олардың басымдығы айқын көрініп тұрды. Футболшылардың ойынын назардан тыс қалдыруға болмайды. Олар біз енгізіп отырған жылдам еуропалық футболды үйренуге және ойнауға ниетті.

- Жарыс айналым жүйесінде ұйымдастырылды. Тағы бір қарсылас Македония U-21 құрамасы еді. Олармен неге ойнамадық?

- Македония жастар құрамасы 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріндегі топтық кезеңдегі қарсыластарымыздың бірі. Олар біздің құрамамен ойнауға қарсы болды. Турнир аясында екінші құраммен жолдастық матч өткізуден бас тартты. Жарысты ұйымдастырушылар олардың шешіміне қарсы болмады. Турнирдің деңгейі ұнады. Жасыл алаңның сапасы жоғары. Қарсыластар да жақсы.

- Оқу-жаттығу жиынына 21 футболшы шақырылды. Жастар құрамасын күшейте алатын барлық футболшыларды шақыра алдыңыз ба?

- Премьер-лига клубтарының Түркияда өткізген оқу-жаттығу жиындарында көзге түскен футболшыларды шақырдық. Ойыншылар толық бақылаудан өтті.  Әзірге Бірінші және Екінші лиганың футболшылары қамтылмады. Өйткені, олар жарысты енді бастайды. Ол жақтан да үміткерлерді іріктейміз. Оқу-жаттығу жиынында болған ойыншылардан да мықты үміткерлер болса, міндеті түрде құрамаға шақырылады. Жиынға шақырылған футболшылардың барлығы Қазақстан жастар құрамасына қойылған талаптарға сай болмағанын ашық айтамын. Құрама әлі жасақталған жоқ. Жаңа ойыншылар керек.

- Премьер-лигада үш тур ойналды. Жас футболшылардың ойын тәжірибесіне ие болмауы қаншалықты алаңдатады?

- Қатты алаңдатады. Футболшылар халықаралық турнирге қатысып, оқу-жаттығу жиынынан оралды. Олардың физикалық дайындығы жоғары. Жақын арада өз клубтарында ойын тәжірибесіне ие болмаса, олардың ойынында құлдырау басталады. Футболшылармен әңгімелестік. Олар ойын тәжірибесі болмағандықтан өздеріне деген сенімнің азайтынын айтты. Алайда, мен олардың ойын деңгейінің өте жақсы екеніне көзімді жеткіздім.

- Еркебұлан Сейдахмет, Оралхан Өміртаев, Нұралы Әліп Ұлттық құраманың 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде Шотландия және Ресеймен өткен ойындарына шақырту алды. Алайда, ол жақта жасыл алаңға шыққан жоқ. Михал Билекпен осы ойыншылардың жастар құрамасының ресми ойындарына қатысуы туралы келісімге келуге бола ма? Қаншалықты маңызды?

- Ұлттық құраманың жаттықтырушыларымен әрдайым байланыстамыз. Басымдық еліміздің бас командасына беріледі деген шешім қабылданды. Біздің міндетіміз жас футболшыларды тәрбиелеп, олардың ел намысын қорғауы үшін жұмыс істейміз. Жастар құрамасының ойыншылары ұлттық құрамаға шақырылғаны үлкен мақтаныш. Ал, олардың алаңға шығуы – басқа мәселе. Сонымен қатар, жас футболшыларды жастар құрамасында әрқашан көргіміз келеді.

- Қазақстан жастар құрамасына шетелде ойнайтын Акмаль Бақтияров пен Дінмұхаммед Қашкен шақырылды. Олар туралы не айтасыз?

- Бақтияров нағыз бабында келіп, жанын салып ойнады. Ересектер футболын ойнайтыны көзге көрініп тұр. Қашкеннің ойын тәжірибесі аздау.

- Қазақстан жастар құрамасы маусым айында 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирін бастайды. Біздің топтағы қарсыластарымыз – Испания, Израиль, Черногория, Македония және Фарер аралдары. Қарсыластарға баға беріп, жастар құрамасының алдына қойылған міндеттерді айтып өтсеңіз?

- Испанияны ерекше атап өтуге болады. Топтың көшбасшысы екені түсінікті. Алайда, олармен де бар күш-жігерімізді салып ойнаймыз. Топтағы қалған командалардың деңгейі бірдей. Екінші орын алу қолдан келеді деп ойлаймын.

- Іріктеу кезеңіне екі ай қалды. Ұйымдастыру жұмыстарында қиындықтар бар ма?

- Қазақстан футбол федерациясына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтамын. Ұйымдастыру жұмыстарында ешқандай мәселе жоқ. Ең бастысы – футболшылардың ойын тәжірибесінің аздығы. Премьер-лига клубтарының ойыншылары Екінші лиганың командасына көмектескені де жақсы. Өйткені, әр ойын тәжірибесі маңызды. Алайда, екі чемпионаттың деңгейін мүлдем салыстыруға келмейді.

Бөлісу
Жоғары