Орынбасар Дәуренбекова: «Еуропаның турнирлерінде ойнаған қыздардың деңгейі артады»
- Орынбасар Амангелдіқызы, жаттықтырушылар штабының оқу-жаттығу жиыны мен турнирге қойылған тапсырмасы туралы айтып өтсеңіз?
- Оқу-жаттығу жиынының басты мақсаты 17 жасқа дейінгі құраманы жинақтау болды. Сонымен қатар, 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы мен әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасына талантты футболшыларды іздеу. Жиынға шақырылғандардың барлығын жаттықтырушылар штабының жұмыс қағидаларымен таныстырдық. УЕФА Даму Кубогына қатысу арқылы халықаралық тәжірибе жинау маңызды болды.
- Турнирді қорытындылай өтсеңіз?
- Халықаралық турнир әрқашан ойынды жаңа қырынан бақылауға мүмкіндік береді. Өзге елдердің командаларымен ойнаған сәтте футболшылар ашылып, команданың әлсіз тұстарын көруге болады. Сонымен қатар, футболшылардың мықты тұстарын да байқайсың. Халықаралық тәжірибенің пайдасы зор.
- Турнирде жақсы қырынан танылған футболшылар бар ма?
- Әрине. Турнирдің үздік қорғаушысы болып Алена Иванова танылды. Алайда, жасыл алаңда жанкештілік танытқан әр футболшыны атап өткім келеді. Әрі қарай ойыншылардың шеберлігін арттырып, командалық ойынды күшейту үшін жұмысты жалғастырамыз.