Мария Илич: «Қазақстан құрамасы туралы ақпарат аз, алайда ойында жеңіске жетуге тырысамыз»
- Мария, әйелдер арасында Қазақстан Чемпионатына баға беріп өтсеңіз. Ел чемпионаты туралы қандай ой қорыттыңыз?
- Қазақстан Чемпионатының деңгейі орташа екенін мойындаймын. Мен ойнайтын «БИІК-Қазығұрт» футбол клубы турнир кестесінде әрқашан жоғары тұрады. Біздің команданың сапында шетелдік футболшылар жиналған. Ойыншылардың барлығы ортақ нәтиже үшін көп жаттығады. Кәсіби футболшылардан құралған команданың жұмысы маған ұнайды.
- Қазақстанға үйрендіңіз бе? Біздің ел туралы жаңадан не білдіңіз?
- Маған Қазақстанда тұрған ұнайды. Жергілікті жердің тамағы мен мәдениеті көңілімнен шығады. Шымкент халқы жайдарлы. Жылдам үйрендім. Серб тілі орыс тіліне жақын. Сол себепті қиындық болмады.
- Қазақстан мен Сербиядағы әйелдер футболының айырмашылығы қандай?
- Сербия чемпионатында да жеңіске бір ғана команда жетеді. Осы жағынан ұқсас. Менің елімде «Спартак» футбол клубы үнемі чемпион атанып отырады. Алайда, «БИІК-Қазығұрт» командасында ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіледі деп санаймын.
- Әйелдер арасында УЕФА Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінен «БИІК-Қазығұрт» іркілмей өтті. Қандай нәтиже күткен едіңіздер?
- Топтық кезеңдегі үш ойынды да ұттық. Нәтиже қанағаттандырарлық. Кәсіби деңгейі жоғары командалармен ойнап, оларды ұту арқылы керемет көңіл-күйге кенелдік.
- «БИІК-Қазығұрттың» келесі қарсыласы – Бельгияның «Андерлехт» командасы. Бұл ойын туралы не ойлайсыз?
- «Андерлехт» — жақсы команда. Бельгиялық клуб биылғы маусымдағы ең қиын қарсыласымыз болмақ. Ойынға жақсы дайындықпен келеміз деп ойлаймын. Команда өз күшіне сенеді. Келесі кезеңге шығуға ұмтыламыз.
- Ең басты сұрақ. Қазақстанға қарсы ойнайсыз. Қазақстан – Сербия матчы туралы не ойласыз?
- Сербия құрамасы алғаш рет Қазақстанмен ойнайды. Сол себепті сіздің құрамаңыз туралы мәлімет аз. Әр ойында жеңіс үшін алаңға шығатынымыз анық. Қазақстанмен ойын маңызды. Өйткені, іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны. Іріктеуді жеңіспен бастау маңызды.
- 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Сербия құрамасының алдына қойылған мақсаттар қандай?
- Сербия әйелдер құрамасы Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңіне шыққан жоқ. Сол себепті турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алуды қалаймыз.
- Біздің топтағы басқа қарсыластар туралы не айта аласыз?
- Ең қиын қарсылас Франция құрамасы болмақ. Кәсіби футболшылардан құралған Австрия құрамасына қарсы ойын да оңайға түспейді. Топтан шығу жолдамасына таласу үшін ең алдымен Қазақстан және Македония құрамаларын ұту керек.