Асқар Әбілдаев:  «Әлем Чемпионатына шығу үшін күш саламыз»

Асқар Әбілдаев:  «Әлем Чемпионатына шығу үшін күш саламыз»

22 қаңтар 2020, 09:35
Қазақстан Футбол федерациясының Футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев қаңтар айында өтетін ұлттық құраманың дайындығы жөнінде әңгімелеп, 2020 жылғы Әлем Чемпионатының элиталық кезеңіндегі қарсыластары жөнінде айтып берді: 

- Асқар Зубайділдәұлы, футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Нұр-Сұлтан қаласында өтетін оқу-жаттығу жиыны жөнінде айтып өтсеңіз?

- Оқу-жаттығу жиыны 2020 жылдың 23-31 қаңтары аралығында өтеді. Біздің құраманың бас бапкері Рикардо Кака жиынға ең мықты ойыншыларды шақырды. Олардың арасында «Қайрат», «Жетісу», «Аят» және «Ақтөбе» ойыншылары бар. Португалияның «Спортинг» командасында ойнайтын Тайнан мен Лео де келеді. 

- Қазақстан құрамасының ойыншылары бабында ма? 

- Біздің көшбасшы ойыншыларымыз Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Дуглас және Игитаның жарақаттары болған. Алайда, олардың барлығы бабына қайта еніп, ұлттық құрамаға көмектесуге дайын. 

- Ойыншылардың қатысуымен қандай шаралар ұйымдастырылмақ?

- Ойыншылар мен бапкерлердің басын қосып, киноға барғымыз келеді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты мен ашық жаттығу өткізу жоспарда бар. 

- 2020 жылғы Әлем Чемпионатының элиталық кезеңіндегі қарсыластары жөнінде айтып берсеңіз?

- Элиталық кезеңнің ойындары Чехияның Брно қаласында өтеді. Біздің құраманың қарсыластары – Румыния, Словения және Чехия. Негізгі іріктеу кезеңінде Румынияны ұттық. Словения әрдайым Еуропа Чемпионатына қатысып жүр. Чехия – алаң иелері. Ойындардың оңай болмайтыны анық. Алайда, Әлем Чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін күш саламыз. Жанкүйерлер үшін элиталық кезеңнің тікелей көрсетілімі аса қызықты. Чехия мен Қазақстан арасындағы ойын көрсетіледі. Қалған екі ойын бойынша келіссөздер жүргзіліп жатыр. 

 - Биыл футзалдан Қазақстан чемпионатында 8 команда ойнап жатыр. Жарыс деңгейі арта түсті ме? 

- Қаржылық қиындықтарға байланысты «Інжу» мен «Прогресс» командалары қатыса алмады. Олардың орнын батыс өңірінің командалары басты. Ақтаудың «Каспий», Оралдың «Бәйтерек» және мұнайлы өлкенің «Атырау» командасы қосылды. Олардың барлығы кез келген қарсыласқа лайықты қарсылық көрсете алатынын дәлелдей түсті. Келесі маусымда ел чемпионатының қатысушыларының санын 10-ға жеткізу ойда бар. 

- Қай өңірлерде командалар ашылуы мүмкін?    

- Нұр-Сұлтан, Тараз, Семей және Қызылорда қалалары. Футзалдан Қазақстан Чемпионаты қызықты әрі бәсекеге төтеп бергенін қалаймыз. Еліміздің барлық өңірінен командалар жарысқа қосылса, тіпті жақсы болмақ. 

- Өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Кубогының финалы қандай әсер қалдырды? Жүлдеге «Жетісу» мен «Қайрат» таласқан еді...

- Финалды ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Маркетинг және PR департаментінің жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар, «Сайран Арена» спорт кешенінің иесі, меценат Талғат Қожахметовке үлкен алғысымды білдіремін. Ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Ойынға келсек, нағыз финалға сай болды. Кездесудің соңына дейін тартысқа толы болып, жанкүйерлер жеті голды тамашалады. 

- Ұлттық құрама элиталық кезеңнен өтсе, финалдық кезеңге дайындық қалай жүргізіледі? 

- Топтан бірінші орын алған командалар финалға бірден жолдама алады. Екінші орынға ие болғандар сәуір айында өтпелі кездесулерге қатысады. Плей-офф екі ойыннан тұрады. Біздің жоспарда оқу-жаттығу жиындары қарастырылған. Алайда, ең алдымен элиталық кезеңге өту басты міндет. Соны орындау қажет. 

Бөлісу
Жоғары