Есе жіберсек те, еңсеміз түспесін
Қазақстан құрамасының сапында негізгі құрамда Еркін Тапалов шыққанымен, өзге ойыншылардың барлығы тегіс ұлттық құрама намысын қорғап жүрген ойыншылар болатын. Еркіннің өзі де Молдоваға қарсы жолдастық кездесуде Қазақстан жейдесін киген. Алайда, ол ойын УЕФАның ресми датасында болмағандықтан, көптеген статистикаларға енбеді. Себебі, ол ойында 7 ойыншы алмасып, ресми хаттама толтырылмады. Сондықтан да, Еркін Тапаловты Қазақстан құрамасында дебют жасады деп толықтай айтуға болады. Бас бапкер Талғат Байсуфинов оны оң қапталдағы қорғаушы қызметіне қойды. Еркін «Ақжайық» сапында осы позицияда ойнап жүр.
Құрамаға жаңадан алынған Қасым, Байтана, Тәйкенов, Ғабышев төрттігі қосалқы құрамда қалды. Көптеген мамандар бұл матч алдында Әлібек пен Байтана негізгі құрамға түсетін шығар деп топшылады. Алайда, Талғат Маруаұлы өзгеше шешім қабылдады. Дәл қазіргі мезетте олардан да мықты ойыншылар бар деген сөз. Оның үстіне бұл футболшыларда тәжірибие жоқ. Сондықтан да, екі ойыншы екінші таймда алаңға алмасып енетін футболшылар қатарында қала берді.
Қалған футболшылар «Тобылдан» келген тарландар тұғын. Азат Нұрғалиев, Асхат Тағыберген, Руслан Валиуллин, Сергей Малый, Серікжан Мұжықов барлығы премьер-лигада бір командада ойнап, үйренісіп қалған футболшылар еді. Ал шабуыл шебіне Ресей чемпионатында 2 гол салып көзге түскен Алексей Щеткин алынды. Оның жалғыз бәсекелесі Роман Мұртазаев қосалқы құрамда қалды.
Ал Солтүстік Македонияға келсек, бұл құраманың бас бапкері Игор Ангелоский ойын алдындағы баспасөз мәслихатында қосалқы құрамды шығарамын деп, матч тақалғанда үздік футболшыларын шығарды. Горан Пандев бастаған кіл мықтыларын салды. Олар алаңға шыға салысымен допқа бақылау жасап, 10 минут бойы толассыз шабуыл ұйымдастырды. Алайда, олардың тек біреуі ғана Стас Покатиловқа қауіп төндірді. Қалғаны айып алаңының маңындағы жай ғана торуыл болатын. Бірінші таймның алғашқы 30 минутында қос құрама 2 бұрыштамадан көтерді. Екеуі де қақпаға соққы болып аяқталмады. Горан Пандевтің керемет пастары мен, Элиф Элмастың дриблингі қорғаушыларымыздың дегбірін қашырғаны рас. Матчтың 34-минутында төреші 11-метрлік айып добын белгілеп, Солтүстік Македония құрамасы есеп ашты. Пенальтиді ұйымдастырған Элиф Элмас еді. Абзал Бейсебеков болмашы ғана жанасып, «Наполи» ойыншысы бірден айып алаңның ішінде құлай салды. Ағылшынның «Лидс» командасының негізгі аяқдопшысы Эгзиян Алиоски есімі таблоға шықты.
Ойынның 45+1 минутында төреші Милован Милачич Серікжан Мұжықовты алаңнан қуды. Соңғы секундта ойын тәртібі бұзылғаны анық, бірақ черногориялық төреші тек сары қағаз көрсетуі тиіс еді.
Екінші таймда бас бапкер үш бірдей ойыншыны алмастырды. Қақпашы Стас Покатиловтың орнына Мұхаммеджан Сейсен, Руслан Валиулиннің орнына Ғафұржан Сүйімбаев, ал Алексей Щеткиннің орнына Роман Мұртазаев алаңға енді. Аталған үш ойыншының алаңға енуі Т.Байсуфиновтың ойынды өзгерткісі келгендігінің белгісі. Сүйімбаев пен Мұртазаев құрамаға қайта оралсын деген ойдан шыққан болуы керек. Себебі, екеуі де біршама уақыт басты командаға алынбай жүрді. Ал Сейсеннің қақпаға тұруы жас қақпашыға деген сенімнің бар екенін білдірту. Мұхаммеджан жастар құрамасынан кейін басты командадағы алғашқы ойынын өткізді. Жасыл алаңның шетінде отырып біз Исламбек Қуаттың керемет ойнап жүргенін анық аңғардық. Жартылай қорғаушы шамасы өз бабына енген секілді.
1 футболшыға кем ойнаған құрамамыз екінші таймда бірден 2 бұрыштама көтерді. Бірақ, 57-минутта Иван Тричковский әріптесінен тамаша пас алып, бос қақпаға гол салды. Есеп 2:0. Осы голдан соң қорғаныс сыр беріп, одан әрі голдар жібере бастадық. Милан Ристовский мен Дарко Чурлиновтер салған голдар командамыздың салысын суға кетірді.
Жолдастық матч болғандықтан да Қазақстан құрамасының бапкері жастарды жақсы тексеріп алды. Күзде болатын маңызды матчтар алдында жақсы дайындық өтті десек артық емес. Алаңға алмасып енген Әлібек Қасым мен Бауыржан Байтана жақсы қырынан көрініп, Украина, Босния және Финляндия секілді командаларға қарсы матчта алаңға шыға алатынын дәлелдеді. Ал қалған футболшыларға әлі де болса даму қажет екені анық байқалды. Әлбетте бұл ойынның нәтижесі еңсемізді түсірмеуі тиіс. Бір ойыншымыз алаңнан қуылып, қақпамызға бір пенальти белгіленді. Жанкүйердің жағдайды түсінетін жөні бар.
Солтүстік Македония – Қазақстан 4:0 (1:0)
Голдар: Алиоски 35 (пенальти), Тричковски 57, Ристовски 74, Чурлинов 76
Ескерту: Костадинов 59 – Тапалов 32
Қызыл қағаз: Мужиков 45+2
Солтүстік Македония: Димитревски (в), Ристевски, Муслиу, Ристовски (Бейтуляй 81), Спировски, Алиоски, Николов (Велкоски 81), Эльмас (Трайковски 73), Костадинов (Чурлинов 73), Тричковски (Ристовски 62), Пандев (к) (Аврамовски 62);
Қосалқы құрам: Янков (в), Шишковски (в), Велкоски, Адеми, Радески, Стояновски;
Бас бапкер: Игор Ангеловски.
Қазақстан: Покатилов (в) (Сейсен 46), Валиуллин (Сүйімбаев 46), Бейсебеков (Қасым 73), Малый, Марочкин, Тапалов (Габышев 83), Қуат, Тағыберген, Мужиков, Нұрғалиев (к) (Байтана 72), Щеткин (Мұртазаев 46);
Қосалқы құрам: Тәйкенов, Дайыров, Нөсербаев;
Бас бапкер: Талғат Байсуфинов.
04.06.2021. Солтүстік Македония, Скопье, «Тоше Проески» стадионы.