Қазақ футзалының Дәурені
Дәурен Аягөз қаласының тумасы. Сондағы спорт мектебінде футзалдың алғашқы әліппесін үйренген. Кейіннен Алматы қаласындағы Энергетика және электронды технологиялар колледжіне оқуға түсті. Сол колледждің командасында ойнап, қаладағы көптеген жарыстарға қатысады. Осы кезде Дәурен көптеген футзал мамандарының көзіне түседі. Ол «Ұшқын Искра», «Жетісу», «Қайрат» командаларында ойнады. Әуесқойлар лигасынан шығып, ұлттық құрама деңгейіне дейін жетті.
Кеше Дәурен Тұрсағұлов Әлем чемпионатының ширек финалында гол салды. Аягөздің тумасы енді күллі Қазақстан құрамасының намысын қорған, жартылай финалда паркетке шығады.
Дәурен бір сұқбатында: «Аягөз – футзал таланттарының отаны» депті. Себебі, құрама командамыздың сапында Аягөзден шыққан ойыншылар жеткілікті. «Қайрат» командасының сапында да олардың біршамасы доп теуіп жүр. Айтпақшы, Дәурен Тұрсағұлов студенттер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері екенін де айта кетейік. Өткен жылғы Қазақстан біріншілігінде Дәурен Тұрсағұлов «үздік ойыншы» номинациясын жеңді. Осыған дейін Қазақстан біріншіліктерінде тек легионерлер ғана үздік атанып жататын. Бірақ, Тұрсағұлов бразилиялықтардан еш кем түспейтінін көрсетті.
Осы Литвадағы Әлем чемпионатының алдында оған Испания клубтарынан ұсыныс түсті. Нақытырақ айтсақ атақты «Эль Посо» клубы Дәурен Тұрсағұловты қомақты қаржы төлеп сатып алу үшін қамданып жатыр. Демек, жуырда қазақ баласы Испания біріншілігінде футзалшы болып жүрсе таң қалмаңыздар. Бұл Қазақ футзалының дәурені жүріп тұр деген сөз.