Дінмұхамед Сүлейменов: Қазақстанда футзал бумы басталды

Дінмұхамед Сүлейменов: Қазақстанда футзал бумы басталды

29 қыркүйек 2021, 15:30
Қазақ футзалының аңызына айналған Димаш Сүлейменов алдағы ойын жайлы пікірін білдірді.

- Қазақстан құрамасының Иранға қарсы өткізген матчын көріп отырып қандай ойда болдыңыз. Ойынды қалай бағалайсыз?

- Иә, бірінші таймда біздің команда ештеңе істей алмады. Оның бір себебі бар. Футзалшыларымыз қатты қобалжыған. Аяқтары ауыр қимылдап, жауапкершіліктің жүгі қатты қысқан. Мен теледидардан көріп отырып соны анық аңғардым. Кейін жігіттермен телефон арқылы сөйлессем де тура соны айтып отыр. Негізі, бірінші таймда Тайнан мен Дәурен Тұрсағұлов екеуінің гол салатын бір мүмкіндігі болды. Егер сол гол қақпаға енгенде бұлайша қатты қиналмас едік. Ал екінші таймда құрамамыз мүлде бөлек ойнады. Шамасы, Кака бапкер жігіттердің жүрегіне жететіндей сөз айтқан ғой деймін. Кака өзі жігер беруге келгенде бұрыннан мықты еді. Екінші таймда мүмкіндіктерді пайдалана бастадық. Соның арқасында жеңісті жұлып әкеттік. Иран Азиядағы ең үздік команда. Біз оларға қарсы талай ойнадық. Жеңіске жетіп көрмеген едік.

- Енді алдағы ойын Әлем чемпионатының жартылай финалы. Қарсыласымыз Португалия. Бұл ойынға қандай пікір білдіресіз?

- Португалия әлемдегі ТОП команданың бірі. Олар соңғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы! Сондықтан да, оңай матч болмасы анық. Фаворит саналып отырған команда екені даусыз. Алайда, Қазақстан құрамасы қазір ештеңеден қорықпайтын секілді. Португалия құрамасына Еуропа чемпионатынан кейін тағы 2-3 ойыншы келіп қосылды. Олардың бірі жас шабуылшы Зикки Те. Ол өткен жылы Чемпиондар лигасының финалында гол салып, үздік ойыншы атағын жеңді. Аты аңызға айналған Рикардиньо жарақат алып қалған. Бірақ, әр матч сайын алаңға көбірек шығып, бабына келе жатыр. Десе де, Португалияны жеңіп, финалға шығуымызға болады деп ойлаймын.

- Біздің команда қорғаныс арқылы ойнап, 7-8 гол салатын командаға айналды деп жатыр. Командамыздың ойыны қалай өзгергенін айтып берсеңіз.

- Иә бұрын біздің ойын сәл өзге еді. Қазір 4-4 форматында ойнап жатырмыз. Алаңдағы 4 ойыншы қарсылас команданың 4 ойыншысына қарсы шығады. Бірақ, ертеңгі матчта Қазақстан құрамасы өзінің басты қаруын пайдаланады деп ойлаймын. Ол қақпашы – Игита. Игита 5 ойыншы болып шабуылға араласып, керек кезінде соққылар жасайды. Біздің Португалиядан басымдылығымыз осы жерде көрініс табуы керек.

- Еліміздегі футзалдың деңгейі көтеріліп келеді. Соның бір айғағы Қазақстан құрамасының ойыншысы Дәурен Тұрсағұловқа «Эль-Посо» деген испаниялық клуб қызығушылық танытыпты. Жалпы, қазақстандық футзалшы Еуропадағы мықты лигаға ауысып кетуі мүмкін бе?

- Әлбетте. Біздің жігіттердің деңгейі әжептеуір көтерілді. Соның арқасында қазір Әлем біріншілігінің жартылай финалына шығып отырмыз. Дәурен және Біржан екеуімен сөйлесіп, үнемі осы жайлы айтып тұрамын. «Чемпиондар лигасында, Әлем чемпионаттарында өздеріңді көрсетсеңдер, еуропалық командаларға ауысасыңдар», деп. Бұл жігіттердің кез келгені танымал командаларға ауысып қана қоймай, сол клубтарында негізгі құрамның футзалшысы болып та кете алады. Елімізде қазір футзал бумы болып жатыр. Әр қалада қысқы және жазғы чемпионаттар өтеді. Ақтау, Аягөз, Ақтөбе, Қарағанды секілді қалаларда неше түрлі талантты балалар бар. Әр қаладағы командаларда жергілікті жастармен қоса бразилиялықтар да ойнайды. Биыл басталатын Қазақстан чемпионаты тіпті қызық болады деп отырмын. Бәсеке барған сайын қызып келе жатыр.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу
Жоғары