УЕФА жалауын желбіретіп...

УЕФА жалауын желбіретіп...

22 сәуір 2022, 11:55
Қазақстан футболының УЕФА-ға өткеніне 20 жыл толды! Ал біз жанкүйерлер назарына УЕФА жалауы астында өткен алғашқы матчымыз жайлы жаза кеткенді жөн санадық.

25 сәуір, 2002 жыл Қазақстан футбол федерациясының УЕФА қауымдастығына мүше болып қабылданған күні. Міне, содан бері елімізде футбол күні дәл осы датада аталып өтеді. Еуропа футболына есік ашып енгеннен кейін біз бірден жолдастық матч өткіздік. Алматыдағы «Орталық» стадионға Эстония құрамасы қонаққа келді. Балтық жағалауынан келген команданың бас бапкері Арно Пайперс болатын. Ол кейін Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағанын білетін де шығарсыздар. Марқұм Олег Литвиненко сол ойында есеп ашты. Бұл матчтың 39 минуты болатын. Алайда, артынша эстониялықтар таразы басын теңестіріп кетті. Бірінші тайм 1:1 нәтижесімен аяқталды. Екінші таймда алаңға ойыншылар алмасып кіргенімен де, қорытынды нәтиже 1:1 болып тіркелді. Қазақстан құрамасын алаңға алып шыққан бас бапкер Вахид Масудов бұл ойын жайлы мынандай пікірде: 

- Cтокгольмдегі конференциядан соң біз УЕФА-ға енгенімізді естідік. Артынша алғашқы жолдастық матч ұйымдастырылды. Қарсыласымыз Эстония құрамасының бапкері Арно Пайперспен сол кезде таныстық. Біз үшін матч жақсы өтті. Себебі, көп шабуылдадық. Біршамасын голға айналдыра алмадық. Негізі сол кезде құрама сапында кілең шебер ойыншылар алынып еді. Қақпада Новиков, ортада Балтиев, шабуылда Литвиненко, ұлттық құрамаға енді алынып келе жатқан жас талант Нұрбол Жұмасқалиев болды. Бірінші болып гол салдық. Сосын, екінші бір шабуыл жасап, айып алаңына еніп кірдік. Руслан Балтиев Эстонияның екі қорғаушысын алдап, енді қақпаға соққы жасайын деп жатқанда оны шалып құлатты. Бірақ, төреші Капанин неге екендігі белгісіз анық пенальтиді белгілемеді. Ойыншылар төрешімен салғыласа бастағаны сол еді, Эстония қарсы шабуылға шығып кетті. Сөйтіп біздің қақпаға гол салып кетті. Екінші таймда біз шабуылдауымызды жалғастыра бердік. Бірақ, эстониялықтар қорғанысқа қамалып алды. 

Алғашқы бейресми матчта алаңға шыққан Қазақстан құрамасының ойыншылары қазір қайда жүр деген сауал туындайды? Сараптап қарасақ басым бөлігі футбол саласында қалған екен. Қақпашы Новиков осы күндері елімізде қақпашылар бапкері болып қызмет атқарады. Алғашқы матчта капитан болған Игорь Авдеев осы жақында ғана Қазақстан футбол федерациясындағы қызметін аяқтады. Ол ұлттық құрамалар департаментінің директоры болып келген еді. Дмитрий Бяковтың Алматы іргесіндегі ауылда шағын кәсіппен айналысып жүргенін білеміз. Ол қазір әуесқойлар арасындағы футбол жарыстарына қатысып тұрады. Қорғаушы Сергей Козюлин қазір «Ордабасы» бас бапкері Александр Седневтің көмекшілерінің бірі. Айдар Күмісбеков біршама жылдар балалар бапкері болып қызмет атқарды. Қазір футбол саласынан кеткен.  

Олег Литвиненко мен Виктор Зубаревтің қандай ғаламат шабуылшы болғанын көзіқарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Алайда, бұл тарландар осы күні арамызда жоқ. Евгений Тарасовтың Санкт-Петербор қаласындағы «Зенит» футбол клубының құрылымында бапкер қызметінде екенін білеміз. Жас шабуылшы Вахид Масудовтың қоластында біршама жетістікке жетті. 2002 жылғы командамыздың негізгі тірегі Руслан Балтиев пен Андрей Карпович болатын. Екеуі ортадағы ойынды реттеп отыратын. Карпович дәл қазір Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарып жүр. Ал Руслан Балтиевті біз соңғы 2 жыл футбол саласынан байқамадық. Ол Дмитрий Огаймен тізе қосып, «Қайсар», «Жетісу» клубтарында жұмыста болды. Спорт директоры қызметінде өзін біршама сынап көрді. Әлі де осы мамандықпен жұмыс істеп көретіні белгілі. Шабуылдағы шығармашылыққа Нұрбол Жұмасқалиев жауапты болды. Нұрбол Жәрдемұлы қазір ел чемпионы қостанайлық «Тобыл» клубының спорт директоры лауазымында. Семей футболының түлегі Андрей Богомолов пен «Шахтер» шабуылшысы Евгений Лунев екеуі қазір футболдан тыс, өзге салаға ойысып кеткен. 

- Екінші таймда негізі Евгений Тарасов деген жас шабуылшымыздың гол салатын 2 мүмкіндігі болды. Бірақ, Тарасов мүлт кетті. Кейіннен ол «Зенит» клубына ауысты. Жалпы алғанда алғашқы матчымызда аянбай ойнадық. Эстониядан мықты екенімізді көрсетіп тастадық. Ол кезде Эстония құрамасының ойыншылары Англияның Бірінші және Екінші лигаларында ойнайтын. Еуропаның өзге де чемпионаттарында жүрген футболшылары болды. Сондай, еуропалық команданы тықсырып ойнау бізге қиындық тудырмады. Тек жеңіске жете алмадық. Алматыдағы сол матчтан соң жанкүйерлердің бізді қолдап, ойынымызға қол шапалақтап, жақсы баға бергені әлі есімде, - дейді В.Масудов. 

Алғашқы матчта Қазақстан құрамасының тізгінін ұстап шыққан бас бапкер Вахид Масудов осы күндері Қазақстан U-19 құрамасының жаттықтырушысы. Тәжірибиесі мол бапкер 2001 жылы қызметке келе салысымен команда ойынын қойып үлгермеді. Ол Азия құрлығынан Еуропа футболына ауысып жатқан тұста бапкер болған маман. 

ҚАЗАҚСТАН — ЭСТОНИЯ - 1:1 (1:1). Жолдастық кездесу

Голдар: Литвиненко, 39 (1:0), М.Рооба, 41 (1:1);

Ескертулер: Балтиев, 37 - Рейм, 42, Сахаров, 90;

ҚАЗАҚСТАН: Новиков, Күмісбеков, Козюлин, Авдеев (к), Бяков, Литвиненко (Зубарев, 58), Лунёв, Е.Тарасов (Ә.Әлиев, 82), Балтиев, Карпович (Бөлешев, 56), Жұмасқалиев (Ан.Богомолов, 72);

Бас бапкер - В.Масудов;

ЭСТОНИЯ: Парейко, Аллас, А.Степанов, Ряхн, Савиаук, Рейм, М.Рооба (Аннисте, 70), Леетма, Вийкмяэ (Хаависту, 90), Кристал (Сахаров, 78), Линдпере;

Бас бапкер - Арно Пайперс (Нидерланд);

7.07.2002. Алматы, Орталық стадион. 15 500. Төреші: Сергей Капанин (Қазақстан).

 

Кейін Вахид Юнусұлы қызметінен босатылып, орнына ресейлік маман Леонид Пахомовты тағайындалды. Пахомов тек жолдастық матчтарда ғана бапкер болды. Құраманың ойыны қарқынды болмай, ойын мәнері ешкімге ұнамады. Ортаңқол командалардан жеңіліп, аутсайдер деген командалармен тең түсіп жүрдік. Халықаралық жарысқа қатысып Қазақстан құрамасы сүбелі ойын өрнегін көрсете алмады. Ал одан кейін тағы да бапкер ауысып, Леонид Пахомовтың орнына қазақстандық маман Сергей Тимофеев тағайындалды. Сергей құраманы тарихи матчта алаңға шығарды. 2004 жылдың 8 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы УЕФА жалауы астындағы алғашқы ресми матч өткізді. Бұл 2006 жылы Германияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі болатын. Міне, сол алғашқы ресми матчтың хаттамасын назарларыңызға ұсынамыз. 

ҚАЗАҚСТАН — УКРАИНА - 1:2 (1:1). Іріктеу кезеңі. ӘЧ-2006

Голдар: Белик, 14 (0:1), Карпович, 34 (1:1), Ротань, 90 (1:2)

Ескертулер: Карпович, 40, Низовцев, 90+4;

ҚАЗАҚСТАН: Новиков, Фамильцев, Авдеев, Ирисметов, Дубинский, Смақов (Мусин, 70), Карпович, Балтиев, Чичулин (Оразбахтин, 50), Низовцев, Тілешев (Родионов, 65);

Бас бапкер - С.Тимофеев;

УКРАИНА: Шовковский, Несмачный, Русол, Тимощук, Езерский, Закарлюка, Белик (Шелаев, 90+2), Гусин, Гусев (Ротань, 66), Старостяк (Воронин, 49), Воробей;

Бас бапкер - Олег Блохин;

8.09.2004. Алматы, Орталық стадион. 23 000. Төреші: Педру Проэнса (Португалия).

Бөлісу
Жоғары