ҚФФ мен ЮНИСЕФ ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды
Тараптар өзара серіктестікті ынталандырумен қатар, ортақ жобаларды дайындау және іске асыру арқылы елімізде балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту жолында жұмыс атқарады.
Жыл сайын 20 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, бұл келісім балалар мен жасөспірімдердің футбол жарыстары мен матчтарына қатысуын ілгерілетуді көздейді.
Сондай – ақ, тараптар ортақ адвокатура бойынша бірлесе отырып, балаларды қорғау және білім беру, денсаулық және тамақтану, инклюзия және теңдік сияқты жұмыстарды басшылыққа алатын болады.
ҚФФ басшысы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жұмыс істеу арқылы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан футбол федерациясы үшін ЮНИСЕФ сияқты беделді халықаралық ұйыммен ынтымақтасу үлкен мәртебе. Біз бірлескен футбол жобаларын жүзеге асыруға барынша күш саламыз. Біздің ортақ жұмысымыз футбол арқылы балалар мен жасөспірімдердің әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, өйткені футбол – бұл ең бұқаралық спорт түрі. Ол салауатты өмір салты, ұжымшылдық пен достық идеясын көтереді. Спортпен, атап айтқанда футболмен айналысу жастарды нашақорлық пен ғаламторға тәуелділіктен алшақтатуға қызмет етеді», – деді Әділет Назарбайұлы.
«Биыл Дүниежүзілік балалар күні футболдан әлем чемпионатының басталу күніне тұспа-тұс келеді. Бұл жаңа аудиторияны тартудың және балалардың мәселелерін жаһандық ауқымда бірінші орынға қоюдың бірегей мүмкіндігі. Балалардың құқықтары туралы сөз болғанда Әлем чемпионатында қай команданы қолдайтынымызға қарамастан, біз бәріміз бір команда боламыз. Бөліну ұғымы бар әлемімізде бізді басқаларынан ерекше біріктіре алатын қасиетке тек футбол ие. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясымен ынтымақтастық Қазақстандағы әрбір бала үшін үлкен және маңызды істердің бастамасы болады деп сенемін», – деп атап өтті Артур ван Дизен.
Айта кетейік, OLIMPBET-Қазақстан Кубогының оралдық «Ақжайық» және шымкенттік «Ордабасы» арасындағы финалдық ойыны алдында Қазақстан футбол федерациясы ЮНИСЕФ және Қазақстанның кәсіби футбол лигасымен бірлесе отырып, әлеуметтік осал топтағы балалар мәселелеріне халықтың назарын аударуға бағытталған акция өткізеді.
Аяқталып жатқан маусымның маңызды матчы кезеңінде ЮНИСЕФ-тің балаларды дамыту бағдарламаларында тіркелген елорданың жас балаларының қатысуымен «Ақжайық» және «Ордабасы» футболшыларының алаңға шығуы өтеді.
Сондай-ақ, 2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылы деп жариялады.
Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз.
ЮНИСЕФ (UNICEF) өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумақтарында өз міндеттемелерін іске асыру мақсатында жұмыс істейді. Бұл ретте әлемнің барлық бұрышындағы аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасы мен балалардың игілігіне ерекше назар аударады.