Алматыда футзалдың төрешілері мен инспекторларына арналған ФИФА семинары өтті

Алматыда футзалдың төрешілері мен инспекторларына арналған ФИФА семинары өтті

26 қараша 2022, 18:23
21-25 қараша аралығында «Талғар» оқу-жаттығу орталығы мен «Қайрат» клубының базасында футзалдың төрешілері мен инспекторларына арналған ФИФА семинары ұйымдастырылды.

Бес күнге созылған білім беру бағдарламасын танымал ФИФА нұсқаушысы, испаниялық Педро Галан Ньето жүргізді. Оған қазақстандық фитнес-нұсқаушы Светлана Кучина көмектесті. Испаниялық маман Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отыр. 

Іс-шара білім беру бағытында болғанымен төрешілер мен инспекторлар үшін толық оқу-жаттығу жиынына айналды. Теория мен практика сабақтары өтіп, видеоқаралым және ойын ережесіне енгізілген соңғы өзгерістер талқыланды. Жалпы саны семинарға 32 төреші мен 7 инспектор қатысты. Бағдарлама аяқталған соң қатысушыларға ФИФА сертификаттары тапсырылды. 

«Мен семинарға Семей қаласынан келдім. ФИФА семинарына қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Өз білімімізді әрі қарай жетілдіреміз, мұнымен тоқтап қалмаймыз деп санаймын. Үлкен тәжірибе алдым және өзім үшін көптеген жаңа мағлұматтарды білдім. Семинарда өте қызықты тақырыптар көп болды. Теория мен тәжірибе қатар жүргізіліп, әртүрлі ойындардың эпизодтарына талдау жасадық. Көрсетілген қателіктерге жол бермеу жөнінде кеңестер алдық», – дейді футзал төрешісі Динара Иманғожаева.

«Мұндай семинарлардың төрешілермен қатар, еліміздегі футзалдың дамуына да пайдасы зор екені сөзсіз. Қазақстан футбол федерациясы, Төрешілік және қадағалау департаменті, сонымен қатар Қазақстан футзал қауымдастығына үлкен алғысымды білдіремін. Бес күн ішінде ойын ережесіне енгізілген жаңа өзгерістерді үйреніп, көптеген тәжірибелік сабақтардан өттік. Сонымен қатар фитнес-сынақтарын сәтті тапсырып, бейне талдау арқылы ойын ережесін ортақ баяндау шешімі бойынша жұмыс істедік. Семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын да айта кеткім келеді. Осындай қадамдар арқылы футзалдың болашағы зор деп сеніммен айта аламын», – деп атап өтті семинарға қатысушы, ФИФА төрешісі Төрехан Тұрсымбаев. 

Бөлісу
Жоғары