ҚФФ Рикардо Какамен келісімшартты ұзартты

ҚФФ Рикардо Какамен келісімшартты ұзартты

05 шілде 2023, 10:20
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерімен жаңа келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.

Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Какамен серіктестіктің ұзартылғанын хабарлайды. Келісімшарт мерзімі 2024 жылдың соңына дейін болады.

«Литвада өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының табысы елімізде футзалдың дамуына үлкен серпіліс берді. Соңғы жылдары біздің футзал жаңа деңгейге көтерілгені анық. Бұл бағытта Каканың қосқан үлесі зор. Алайда, бұл жетістіктермен тоқтап қалмау маңызды. Біздің құрама негізгі іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп, топтан бірінші орынмен шықты. Алға қойылған мақсат 2024 жылы Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алу. Біздің бапкермен осы міндетті орындай аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

«Қазақстан футбол федерациясына жан-жақты қолдау мен сенімі үшін үлкен алғысымды білдіремін. Басты міндеттердің бірі орындалды – элиталық кезеңге шықтық. Ендігі меже 2024 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алу. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», – дейді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.

Айта кетейік, Рикардо Кака 2018 жылдан бастап Қазақстан құрамасын жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен біздің құрама 2021 жылы өткен Әлем чемпионатында төртінші орын алды. Бұл төрткүл дүние додасындағы ең үлкен жетістігіміз саналады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары