Джанни Инфантино: «Сейілда Байшақовтың Қазақстанда футболдың дамуына зор үлес қосқаны сөзсіз»
Футболшы, Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті Сейілда Байшақовтың дүниеден озғанын терең күйзеліс қайғымен білдім. Бұл суық хабарға байланысты қайғымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Сейілда Байшақов ойыншы ретінде КСРО құрамасы сапында өнер көрсетті. Клуб деңгейінде ұзақ жылдар бойы «Қайрат» футбол клубының намысын қорғап, команданың капитаны мен лидеріне айналды. Ойыншы мансабын аяқтаған соң клубқа жаттықтырушы, Бірінші Вице-Президент ретінде қызмет етті.
Сейілда Байшақов Қазақстан Футбол федерациясында балалар футболын дамыту бағытында жауапты қызмет атқарды. Федерацияның Вице-Президенті, Президенті, Президенттің кеңесшісі болды. Сейілда Байшақовтың Қазақстанда футболдың дамуына, оның құндылықтарының таралуына орасан зор үлес қосқаны сөзсіз. Халықаралық футбол қауымдастығының атынан барлығымызды біріктіретін спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін.
Қазақстан тарихындағы үздік футболшыларының қатарына енген, қазақ футболының аңызына, ең атақты өкілдерінің біріне айналған, аса көрнекті жаттықтырушы, тәлімгер болған, жас буынмен өз тәжірибесі мен білімімен бөліскен, адал қызметімен, жұмысына деген құштарлығымен белгілі болған Сейілда Байшақовтың мұрасы мен жетістіктері біздің есімізде, жүрегімізде әрдайым қала береді.
Халықаралық футбол қауымдастығының атынан Қазақстан футбол федерациясына, Сейілда Байшақовтың жанұясына, достарына, жақындарына көңіл айтамын. Барлығыңыздың қайғыларыңызға ортақпыз.
Шын жүректен,
ФИФА Президенті
Джанни Инфантино