Қайрат Нұрдәулетов: «Бастапқы мақсатымыз – ұлттық құрамаға жаңа ойыншыларды дайындау»

Қайрат Нұрдәулетов: «Бастапқы мақсатымыз – ұлттық құрамаға жаңа ойыншыларды дайындау»

07 қыркүйек 2023, 12:02
Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетов жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің аясында өтетін алғашқы ойындар қарсаңында ҚФФ баспасөз өызметінің сұрақтарына жауап берді.

- Қайрат Жұмабекұлы, Мажарстан және Бельгия жастар құрамаларына қарсы ойындарға дайындық туралы айтып өтсеңіз?

- Дайындығымыз жақсы. Сұраған талаптардың барлығы орындалды. Бірінші ойынға ертерек келу керек маңызды екендігін түсіндіргенбіз, сол себепті Қазақстан футбол федерациясы барлық тілектерді ескеріп, жақсы жағдай жасап берді. Қазіргі таңда өзге сұрақтар жоқ, дайындық қызу үстінде. Жігіттердің бабы орнында.

- Футболшылардың көңіл-күйі қалай?

- Көңіл-күй жақсы. Балалар ойынға деген құлшыныстарын білдіруде. Футболшылар жастар құрамасына қосылу қуанышты сәт екенін көрсетіп жатыр. Командаға алғаш рет шақырылған ойыншыларымыз да бар. Жалпы ұжым ішіндегі микроклимат жақсы деп ойлаймын. 

- Құраманың тізіміне кірген, бірақ түрлі себептермен жиынға қосыла алмаған ойыншылар бар ма?

- Мұндай футболшылардың тізімінен Дамир Қасаболатты айтсақ болады. Дамир өткен ойындарда екі сары қағаз алып, алдағы ойындарға қатыса алмайды. Жасы келетін Самородовты айтуға болады, бірақ Максим ұлттық құрамаға шақырту алды. Ян Труфанов тізімде болған, алайда ол аурып қалды. Сол себептен бапкерлермен ақылдаса келе, Труфановты құрамаға шақырмауға жөн санадық. Қалған жігіттер команда сапында. 

- Біздің топта Мажарстан мен Бельгиядан бөлек Мальта, Шотландия, Испания жастар құрамалары бар. Қарсыластар осал емес. Осындай командалар бар топта биік мақсаттарды орындауға болады ма?

- Биік мақсат қоймасақ не үшін жарысқа қатысамыз? Мақсатымыз – аталмыш топтан шығу. Сонымен қатар жақсы ойын өрнегін көрсету. Әрине, бастапқы мақсатымыз – ол аталмыш цикл біткеннен кейін ұлттық құрамаға жаңа ойыншыларды дайындап беру. Егер біздің ойыншылар жастар құрмасынан өтіп, ұлттық құрмаға шақырту алса – нұр үстіне нұр деуге болады. Бұл бізге, яғни бапкерге, қойылған талаптардың орындалғандығын білдіреді. Бірақ топтағы турнирлік мақсаттарды орындауға тырысамыз.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары