Рикардо Кака: «Әлем чемпионатында оңай топ болмайды»
Жақсы топ - тек WhatsApp-тағы отбасы тобы. Бұл жерде оңайы жоқ. Біз үшін де, қарсыластар үшін де қиынға соғатыны анық. Жеребе тарту рәсімінің жалғыз жақсы жағы - қашан және қайда ойнайтыныңды білесің.
Қарсыластарға келер болсақ, әдеттегідей кез келген қарсыласымызға дайындалғандай жаттығу жасаймыз. Жаңа Зеландия - әлем чемпионатындағы жаңа команда. Ойыншылары ірі. Күшпен көп жұмыс істейді.
Ливия ойыншыларының шеберлігі жоғары. Мықты қарсылас. Ал Испанияны бәрі жақсы біледі. Бұл топта Испания мен Қазақстан қағаз жүзінде фаворит саналады. Қағаз жүзінде ғана емес, себеттегі ең мықты командалар.
Сол бір матч еске түскенде… Әрбір әлем чемпионатының өз тарихи, өз сәті болады. Оның үстіне командалар да жаңарды. Сондықтан тартысқа толы жақсы матч болатынын анық білемін. Көп не аз гол соғылады деп айта алмаймын. Бірақ бір-бірін жақсы танитын екі команда ойнайды. Оған қоса, топтағы алғашқы ойын.
Жанкүйерлердің қолдауына сенеміз. Қазірден бастап сапарды жоспарлауға болады. Қайда өтетіні, қашан болатыны белгілі. Сондықтан жанкүйерлеріміз көп болатынына, қолдаусыз қалмайтынымызға сенемін! Тек Қазақстаннан емес, жергілікті қазақтар да қолдау көрсетеді деп ойлаймын.
Әлем чемпионатына дайындықты 4 тамызда бастаймыз. Жоспар бойынша, оқу-жаттығу жиыны Алматы мен Астанада өтеді. Екі және екі жарым аптаға бөлінетін екі кезеңнен тұрады. ОЖЖ барысында бабымызға келіп, артынша ойынға назар аударып, қателіктерімізбен жұмыс жасаймыз.