Станислав Черчесов: «Ойыншылар жайлы, қарсыластар туралы ақпарат жинауды жалғастырамыз»

Станислав Черчесов: «Ойыншылар жайлы, қарсыластар туралы ақпарат жинауды жалғастырамыз»

06 тамыз 2024, 11:00
Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында УЕФА Ұлттар лигасы матчтарына дайындық жайлы айтып берді.

- Станислав Саламұлы, УЕФА Ұлттар лигасы матчтарына дайындық қалай өтіп жатыр?

- Жақында оқу-жаттығу жиыны басталады, осыған орай Қазақстан футбол федерациясының құрама командалар департаментінің директоры Болат Адамбековпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Екеуіміз қазір Алматыда логистика, жаттығу орны секілді басқа да ұйымдастыру жұмысын шешу үстіндеміз.

- Ұлттық құрамаға үміткерлерді таңдауда басты назарды неге аударасыз?

-  Жиынға дейін бір ай уақыт бар. Әлі қай футболшы қандай бабында болатыны белгісіз. Жиынға аз уақыт қалғанда жарақат алып қалатын жағдайлар да болып тұрады. Футболшыларымыз өз клубтарында ойнауы қажет. Кейбір құрамаларда шетелдік бәсекелесі мықты болған ойыншыларды шақырмай жатады. Мәселен, қақпашылар сияқты. Бізге команда құрамында ойнап жүрген футболшылар керек. Негізгі құрамға ілінбей жүргендер де керек болады. Бәрін бақылап жүрмін. Көмекшілерім «Родинадағы»  Құсяповтың ойынын тамашалау үшін Мәскеуге барды. «Шинниктегі» Скворцовтың ойынын көрді. Бұл жағынан жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Күні кеше ойнаған «Ахматтың» сапында Самородов алаңға шықпады. Келіссөз қай деңгейде екен білмеймін. Бұл туралы ешкіммен сөйлеспедім. Десе де барлық ойыншыны қарап жүрміз. Бұл кез келген құрама бас бапкерінің жұмысы.

- Бапкерлер штабы жасақталды ма?

-  Бапкерлер штабы толық жиналды. Қазір маған жастар құрамасының аға бапкері Константин Горовенко көмектесіп жатыр. Ал бапкерлер штабына Владимир Панников (бас бапкердің көмекшісі), Гинтарас Стауче (қақпашылар жаттықтырушысы), Паулино Гранеро (дене даярлығы жаттықтырушысы), сондай-ақ Эдуард Цгоев (дәрігер) енді. Ол бас дәрігерге көмектеседі.

- Жақында «Қайрат» – «Елімай» матчын стадионнан тамашаладыңыз. Нені түртіп алдыңыз?

- «Қайраттың» сенімді жеңісін көрдім. Алаңның сапасын ескеру керек. Сапалы ойын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда «Қайрат» мықтырақ көрінді. Екі жылдам гол соғып, нәтижені соңына дейін жеткізді.

- «Астананың» еурокубок пен чемпионаттағы матчтарынан кейін қандай қорытынды жасадыңыз?

- «Тұран» мен «Милсамиге» қарсы матчтарды тамашаладым. Ойынға ауа-райы тікелей әсер етті. Футболшылар жылдам ойын көрсете алмаса да, «Астана» лайықты жеңіске жетіп, ойыншыларының деңгейі жоғары екенін дәлелдеді. «Милсамиді» жаттықтыратын Игорь Пикущак кезінде менде ойнаған.

Еурододада «Астана» мен «Ордабасының» жанкүйерімін. Шымкенттіктер өте ауыр матч өткізді. Бірақ жанкүйерлер үшін әдемі ойын болған секілді. Командаларымыз күш-жігерін жинап, келесі кезеңге өтуі қажет. Бастысы - топтық кезеңге шығу. Бұл Қазақстан футболы үшін өте маңызды.

- Ұлттық құрамада жаңа есімдер бола ма?

- Оны уақытында көреміз. Қазір ештеңе айта алмаймын. Барлық футболшыны бақылап жүрміз. Кейбіреуі бабына енді келіп жатса, енді бірі мансабын аяқтауға жақын. Алдын ала болжамай-ақ қояйық. Ешқашан футболшының төлқұжатын ашып қарамаппын. Өзім де 40 жасқа келгенше ойнадым. Оның үстіне, ешкімге келісімшарт ұсынып жатқан жоқпыз. Бастысы – дәл қазір дайын болу.

«Астана» футболшыларымен, нақтырақ айтқанда кеңейтілген тізімге енгендерімен матчтан соң кездестім. 30-40 минуттай сөйлесіп, арасында әзілдестік. Негізгі құрамда ойнау керегін айттым. Бір қуантқаны, «Тұранмен» ойында ұлттық құрамаға үміткер футболшылар көп шықты. Ойындарын көрдім. Бұған дейін кейбіреуі алаңға аз шығып жүрді.

Ойыншылар жайлы, қарсылас туралы ақпарат жинауды әрі қарай жалғастырамыз. Лига оңай емес. Қарсыластардың бәрі қарымды. Барлық қаруымызды дайындаймыз.

- Жарақатына байланысты қатардан шығып қалған Садыбеков пен Валиуллиннің орнын кім басады?

- Ойыншы үшін кез келген жарақат – ыңғайсыз сәт. Садыбековке келер болсақ, ұлттық құраманың кейінгі ойындарында алаңға шығып жүрді. Ал Валиуллин белгілі бір себептерге байланысты ұзақ уақыт ойнамады. Екеуі де біз үшін қызық. Жарақатынан тезірек жазылып, қатарға қосылуын тілейміз. Ең бастысы, қазір ешкім қатардан шығып қалмаса екен. Бір-бірінің орнын кез келген сәтте басу үшін команда екенімізді ұмытпауымыз керек.

Бөлісу
Жоғары