Мадияр Кембілов: «Командалардың деңгейі бір, бірақ біздің өз мақсатымыз бар»

Мадияр Кембілов: «Командалардың деңгейі бір, бірақ біздің өз мақсатымыз бар»

08 қараша 2024, 11:00
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов УЕФА Ұлттар Лигасы жеребесінің нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

Жеребе нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы «С» Лигасының 3-тобына Люксембург, Армения және Лихтенштейн құрамаларымен түсті.

– Қазақстан құрамасы түскен топты қалай бағалайсыз? Люксембург, Армения және Лихтенштейн құрамаларына қарсы матчтар қаншалықты қиын болады?

– Топтың деңгейі бірдей. Бірінші себеттен Люксембург фаворит саналатыны анық. Әрі мықты қарсылас болары сөзсіз. Дегенмен біздің ең басты мақсатымыз – екінші кезеңге шығу. Сондай-ақ бұл топта бізге таныс Армения құрамасы мен күтпеген нәтиже тіркей алатын Лихтенштейн бар. Сондықтан әрбір ойын өте маңызды. Қазірден бастап қарсыластарымызды терең зерттейміз. Биыл Люксембургтің Ұлттар лигасында Швеция және Эстониямен бірге бір топта ойнаған матчтарын тамашаладық. Люксембург Эстониямен екі рет тең ойнады. Эстонияның мықты команда екенін ескерсек, тең нәтиже Люксембургтың деңгейі жоғары екенін көруге болады. Былтыр Ұлттар Лигасының іріктеу кезеңінде Люксембург топты үшінші орынмен аяқтады. Литва мен Грузиядан жеңілді. Үш команда да бес ұпайдан жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Люксембург үшінші орынға тұрақтады.

– Топтағы әр команданың ойын ерекшелігін ескере отырып, дайындық барысында қандай аспектілерге ерекше назар аудару керек деп санайсыз?

– Әрбір қарсыласымызды қаншалықты мұқият зерттейтінімізге байланысты. Армения құрамасымен жақсы таныспыз. Люксембургтың ойынын да көрдік. Бұл елдің ерлер және әйелдер командасы ұқсас. Екеуі де мықты. Құрамында Люксембург азаматтығын алған португалиялық, босниялық және бірнеше бразилиялық ойыншы бар. Рейтингте бізден жоғары тұр. Десе де біз өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, төтеп беруге қауқарымыз жетеді. 

– Ұлттар Лигасында команда алдына қандай мақсат қойылады? Қандай нәтиже біз үшін табысты болып саналады?

– Жаңа деңгейге көтерілу біз үшін жетістік. Біздің басты мақсатымыз — осы бағытқа қарай жұмыс істеу. Былтыр күшімізді сынап көріп, Ұлттар лигасына үйреністік. Енді келесі қадамды жасаудың уақыты келді. Бізге кем дегенде екінші раундқа өтіп, плей-офф кезеңіне шығу қажет. 

– Қазіргі уақытта команданың дайындық деңгейін қалай бағалайсыз?

– Өте маңызды сұрақ. Жазда ұлттық құраманың ойындары аяқталды. Содан кейін біз тек ақпан айында алаңға ораламыз. 19-26 ақпан аралығында екі жолдастық ойын өткізу жоспарланған. Чемпионат болса қазан айында аяқталды. Сондықтан бізде шамамен бес айлық үзіліс болады. Осы уақыт аралығында ойыншылардың физикалық дайындығы мен ойын үйлесімін қалпына келтіруіміз қажет. Олармен тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да жұмыс істеп, матчтарға ең жоғары дайындықпен шығу керек. Үзіліс кезінде матчтар болмағандықтан ойын қарқыны төмендеуі мүмкін екенін түсінеміз. Сол себепті жаттығуда кемшіліктің орнын жауып, алғашқы ресми матчта тыңғылықты түрде дайындалу үшін бар күшімізді саламыз.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары