Станимир Стоилов: Грузиямен өткен ойыннан бізге қажет тәжірибені жинадық

Станимир Стоилов: Грузиямен өткен ойыннан бізге қажет тәжірибені жинадық

20 қараша 2018, 02:14
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Бүгін жақсы ойын болды деп есептеймін. Грузия жеңіске лайық болды. Бірінші таймда біздің ойыншылар ашық аймақтарды жауып тастады. Жүз пайыз гол соғатын сәт болды. Екінші таймда қарсыластың ондығын ұстай алмадық. Біздің қорғанысты әбден шаршатты. Гиорги Чакветадзе біздің құрамамен өткізген екі ойында да жеңіске жетті деп санаймын.

- Алғашқы ойында Чакветадзе маңызды гол соқты. Бүгінгі ойында да көзге түсіп, нәтижелі пастың авторы атанды. Бұл футболшыны жеке ұстау туралы тапсырма болмады ма?

- Грузия құрамасының ондығы екі ойынның тағдырын шешті. Жақсы футболшы. Голдары да әдемі. Қапталдағы қорғаушылар қорғаныста жүктелген міндеттерді атқара алмады.

- Футболшылардың ойынға деген ынтасына айып тақпайсыз ба?

- Шеберлік пен сенім жетіспеді. Допты ұзақ бақылауда ұстай алатын тәжірибелі ойыншылар бүгінгі ойынға қатыспады.

- Ұлттық құраманың қатарында алғаш рет алаңға шыққан футболшылардың ойынына қандай баға бересіз?

- Бүгін негізгі құрамда бұған дейін алаңға шықпаған бірнеше футболшының ойынын қарауды ұйғардық. Олардың болашағы зор. Алайда, әлі де көп жұмыс істеу қажет. Шабуылда ойнаған футболшылар талапты орындай алмады. Гол соғатын сәттерді мүлт жібермеу керек.

- Грузия құрамасының жолы болғандай. Қазақстанның соққан бір голына төрт голмен жауап қайтарды. Бәсі жоғары ма?

- Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Грузияның топтағы бірінші орынға лайық екенін айттым. Футболшылары сенімді ойнайды. Ал, біздің қорғаныста мәселелер бар. Сонымен қатар, шабуылды аяқтау мәселесі шешілген жоқ.

- Кеше жанкүйерлерге толған стадионнан қорықпаймыз дедіңіз. Ал, бүгін не айта аласыз?

- Грузиямен өткен ойыннан бізге қажет тәжірибені жинадық. Стадионда жақсы атмосфера болды. Жанкүйерлер футбол көруге жиналды. Салмақты қарсыласпен ойнау арқылы біздің құрама өседі деп ойлаймын.

Бөлісу
Жоғары