Игорь Утробин: «Балалар – болашақтың іргетасы»
- Игорь Владимирович, қазіргі таңда елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында қандай жарыстар өтеді?
- Қазақстан футбол федерациясы футбол орталықтары мен академиялар арасында Қазақстан Чемпионаты, ҚР Кубогы, Республикалық «Арман» және «Жастар» турнирін, қыздар арасында Қазақстан Чемпионатын өткізеді. Сонымен қатар, Бірінші лига командаларының дайындық топтары арасында ҚР Біріншілігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс құрамалары арасында ҚР Чемпионаты және кең ауқымды «Coca-Cola - Былғары доп» жобасын ұйымдастырады. Жарыстардың жалпы саны – 26. Жылына 1500 матч ойналады.
- Футбол орталықтары мен академиялар арасында Қазақстан Чемпионаты мен Кубогы қалай өтеді? Түсіндіріп берсеңіз...
- Қазақстан Чемпионаты бес кезеңнен тұрады. Бір айналымда барлығы бір-бірімен кездеседі. Биыл жарысқа жеті жас ерекшелігі бойынша, яғни 2001 және 2007 жылғы жасөспірімдер қатысады. Әр топта 18-20 команда бар. Ойын күнтізбесі сәуірден тамызға дейін созылады. Қазақстан Кубогы биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Іріктеу және финалдық кезеңінен тұрады. Ойындар қыркүйек және қазан айларына жоспарланған.
- Республикалық «Арман» және «Жастар» турнирінің ерекшелігі қандай?
- Бұл жарыстарға U-17 және U -19 категориядағы командалар қатысады. Осы турнирлер арқылы жаңа маусымға дайындық басталады. Ал, құрама командалардың мамандары барлық командалар мен ойыншыларды сүзгіден өткізеді. Қазақстанның футбол орталықтары мен академияларының командалары сынға түседі. Іріктеу кезеңі ақпан айында ұйымдастырылды. Ал, финалдық ойында 17-24 наурыз аралығында өтті.
- Қыздар арасында Қазақстан Чемпионатын ұйымдастыру шешімін қашан қабылдадыңыздар?
- Елімізде қыздар футболын дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетіле бастады. Пилоттық жоба. 2019 жылдан бастап 12-14 жас аралығында қыздар командасы әр футбол клубының жанынан құрылады. Бұл талап сертификация ережесіне енгізілді. Жыл сайын командалардың саны артып отырады.
- Бірінші лига футбол клубтарының командалары бөлек жарысады. Неліктен?
- Бірінші лига футбол клубтарының командалары арасында Біріншілік төрт кезеңнен тұрады. Турнирге үш жас ерекшелігі бойынша кем дегенде төрт команда қатысады. Командалар мамыр мен тамыз аралығында 50 матч өткізеді.
- Облыстар ммен қалалар құрамалары қатысатын Қазақстан Чемпионаты туралы айтып өтсеңіз?
- Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс құрамалары арасында ҚР Чемпионаты бір кезеңінен тұрады. Жарысқа аймақта топ жарған командалар қатысады. Бұл командалардың футбол орталықтары мен академияларға қатысы жоқ. Спорт мектептерінің балаларынан жасақталады.
- «Coca-Cola - Былғары доп» турниріне кімдер қатысады?
- Республикалық «Coca-Cola - Былғары доп» турнирі елімізде 2006 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Қазақстан футбол федерациясы ауқымды жобаның ұйымдастырушыларының бірі. Турнирдің мақсаты – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Әр жылдары бұл турнирде Серікжан Мужиков, Алексей Щеткин, Сергей Хижниченко, Бауыржан Исламхан және басқа да футболшылар ойнады.
- Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған қандай жоба бар?
- 2017 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, 1-4 сынып оқыушылары арасында «Футбол сабағы» жобасы енгізілді. Алғаш рет 8 өңірден 214 мектеп қамтылды. Қазақстан футбол федерациясы әдістемелік оқулық дайындап, ұстаздарға арналған шеберілк сағаттарын өткізді.
Өткен жылы Қазақстан футбол федерациясы 5-11 сынып оқушыларына арналған «Футбол сабағы» жобасын әзірледі. Қазіргі таңда аталмыш жобаға елімізде мыңдаған мектеп қатысып отыр. «Coca-Cola» компаниясы да жаңа жобаға атсалысып, мектептерге он мыңға жуық доп таратты.