Ерлан Жамантаев: «Қыздар арасындағы студенттер лигасы кәсіпқой футболға жол ашады»

Ерлан Жамантаев: «Қыздар арасындағы студенттер лигасы кәсіпқой футболға жол ашады»

12 сәуір 2019, 09:26
Қазақстан футбол федерациясының Бұқаралық футбол департаментінің директоры Ерлан Жамантаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Ерлан Айтбайұлы, футзалдан қыздар арасында өткен студенттер лигасын қорытындылап өтсеңіз?

- Қыздар арасында өткен студенттер лигасын жобасын дайындап, УЕФАФ тарапынан турнир өткізуге рұқсат алдық. Жарысқа 18 жастан жоғары қыздар қатысты. Жоғары оқу орындары мен колледждің студенттері ең алдымен аймақтық турнирлерде сынға түсті. Нұр-Сұлтан қаласында өткен финалдық кезеңге 16 команда жиналды. Алматы қаласының Қазақ спорт және туризм академиясы топ жарды. Турнирге 2700-ден астам студент қатысты. Турнирдің үздік ойыншысы атанған Жансая Әубәкір кәсіби командаға ауысатын болды.

- Турнирдің әрі қарай тағдыры қалай болмақ?

- Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жыл сайын ұйымдастырамыз.

- Жыл басынан бері атқарылған үлкен жобаларға тоқталсаңыз?

- Футзал департаментімен бірігіп, Атырау қаласында футзалдан Бірінші лиганың ойындарын өткіздік. Жарысқа алты әуесқой команда қатысты. Турнирдің жеңімпазы келесі маусымда футзалдан Қазақстан Чемпионатына қатысатын болды.

- Жарысты ұйымдастырудан басқа қандай жұмыстар атқарасыз?

- Футбол – кең таралған спорт түрі. Қазақстанда футболмен шұғылданатын жандарды тіркеу жалғасып жатыр. Балалар футбол, студенттер футболы, ардагерлер футболы. Елімізде қанша адам футбол ойнайтынын анықтау маңызды.

Биыл «Нұр-Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалымен сал ауруына шалдыққан балалар арасында футболды дамыту жобасына қатысты меморандумға қол қойдық. Жоба 2017 жылы іске қосылған еді. Алматы қаласында сал ауруына шалдыққан балалар арасында екі рет Қазақстан Чемпионаты ұйымдастырылды.

- Жазда қандай ойындар өтеді?

- Мамыр айында әуесқойлар арасында чемпионат өтеді. Сонымен қатар, қыздар арасында U-15 және U-19 біріншіліктері жоспарланған. U-17 командасы жарысты ерте бастады. Өйткені, олар ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Жағажай және ардагерлер арасадағы турнирлер де жазда өтеді.

- Жағажай футболының жағдайы қалай?

- Сәуір айының соңына қарай жағажай футболынан Қазақстан Кубогы өтеді. Қазақстан Ұлттық құрамасы жағажай футболынан Еуролигада жақсы нәтиже көрсетті. Қарағанды, Шымкент және Қапшағай қалаларында жаңа командалар ашылды. Павлодарлық «Арманның» екінші командасы құрылды. Ел чемпионатына өткен жылы бес команда қатысты. Ал, биыл 8 ұжым ниет білдіріп отыр.

- Жағажай футболының Қазақстан Ұлттық құрамасының жоспарына тоқтала кетсеңіз?

- Қапшағайда оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Өткен жылғы табыстың арқасында Еуропаның үздік 16 құрамасының қатарына ендік. Рейтинг бойынша 23-орындамыз. Сол себепті Жағажай ойындарының іріктеу кезеңі қатысамыз. Іріктеу ойындары Испанияның Салоу қаласында өтеді. Төрт құрама жолдама алатын финалды 2019 жылдың қазан айында АҚШ-тың Сан-Диего қаласы қабылдайды.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары