Қазақ футболының аңызы
Қазақ футболының дара тұлғасына арналып, бұқараға белгілі «Тимур және оның достары» сөзін алғаш рет кеңес футболының әкесі саналған Николай Старостин айтты.
Қазақ футболының тарихында алтын әріптермен жазылған жеңіс сол сөздің айтылуына себеп болды. Алматылық «Қайраттың» сырт алаңда Мәскеудің атақты «Спартагын» жеңген еді.
Матч 1964 жылы 26 тамыз күні КСРО астанасындағы В.И. Ленин атындағы Орталық стадионның үлкен спорт аренасында өтті. 30 мың жанкүйер жиналған ойында алаң иелерінің 0:2 есебімен жеңіліп қалғаны сенсацияға айналды.
Екі голды да сол кезде 23 жаста болған қазақ шабуылшысы Тимур Сегізбаев соқты.
- Алғашқы голды қапталдан айып алаңына пас беру арқылы соқтым, - деп ойынды еске алды Тимур Сегізбаев. – Қарсыластың қорғаушысы тосқауыл қойды. Доп бағытын өзгертіп, қақпаның тоғыздығына дөп түсті. Екінші голды алыстан соқтым. Отыз метрден тептім...
Мәскеудің «Спартак» футбол клубында команда басшысы болған Николай Старостиннің айтқаны:
«Сегізбаев соққан голдар өте сирек кездесетін голдардың қатарына жатады …»
ХХVI КСРО Чемпионаты. «А» классы. Бірінші топ. Екінші айналым
«Спартак» (Мәскеу) – «Қайрат» (Алматы) - 0:2 (0:0)
Голдар: Сегізбаев, 47 (0:1); Сегізбаев, 79 (0:2)
Рефери: Юозас Литвинас (Вильнюс)
26.08.1964. Мәскеу. В.И. Ленин атындағы Орталық стадион. 30 000 жанкүйер
Тимур Сегізбаевтің тарихи голдары мұнымен шектелмеді. Даңқты шабуылшы Ереванның «Арарат» және Минскінің «Беларусь» командаларының қақпасына да қос-қостан гол соқты.
Әлемнің ең үздік қақпашыларының бірі, мәскеулік «Динамоның» қақпашысы Лев Яшин де Тимур Сегізбаев соққысынан кейін қақпа торынан доп алып шықты.
Тимур Сегізбаев бапкер болып Қызылорда қаласының «Автомобилист» және «Мелиоратор», қарағандылық «Шахтер», алматылық «Қайрат» және Йемен ұлттық құрамасын басқарды.
Басшы қызметінде Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінің футбол бөлімінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының футбол қауымдастығының президенті, вице-президенті және бас хатшысы міндеттерін атқарды.
1994 жылы ФИФА-ның 51-ші конгресінде біздің еліміз Халықаралық футбол қауымдастығының құрамына қабылданды. Тимур Сегізбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын ФИФА президенті Жоао Авеланжға тапсырды.
Сегізбаев Тимур Санжарұлы (12.05.1941 - 15.12.2017)
КСРО Спорт шебері
Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитетінің орден кавалері
Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Отан» орденінің иегері
Ресей Федерациясы Президенті сыйлығының иегері
Сейілда БАЙШАҚОВ, КСРО құрамасының ардагері, Қазақстан футбол федерациясының президентінің кеңесшісі:
«Тимур Санжарұлы туралы көп естелік айтуға болады. Ұстаздың берген тәлімі шексіз. Қысқа айтқанда, Тимур Сегізбаев – қазақ футболының ақылы, абыройы және ар-ожданы....»
Бүгін аты аңызға айналған футболшының туған күні. Ол 79 жасқа толар еді...