Қыздар футболының жарыстарын ұйымдастыру жөнінде видеоконференция өтті
Конференцияда карантин аяқталған соң командалардың жарысқа дайындығы мен қаржы мәселесіне қатысты сұрақтар талқыланды. Кәсіби командалар арасында Қазақстан Чемпионаты мен Кубогын, сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жарыстарын өткізу сұрақтары қарастырылды.
Футбол клубтары мен спорт мектептерінің қызметкерлері көкейкесті сауалдарына департамент жетекшілерінен нақты жауап алды.
- Федерация өкілдерінің міндеті спортшылардың жаттығу процесін жабық ғимаратта емес, көшеде өткізу қажет екенін жеткізу болды. Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау негізі талаптардың бірі. Жақын арада әйелдер командалары арасында ел кубогы мен чемпионаты басталады деп үмітенеміз, - дейді ҚФФ бұқаралық, балалар-жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директорының орынбасары Серік Сәрсембеков.
Өз кезегінде департаменттің бас маманы Константин Давлеткильдеев жарысты жалғастыру мәселесі ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес жүзеге асырылады дейді.
«Мемлекеттік комиссияның шешімінен кейін федерация әйелдер футбол клубы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жетекшілеріне жарысты өткізудің қадамдарын хабарлайды», - деп бөлісті Константин Давлеткильдеев.