УЕФА жетекшілері ұлттық қауымдастықтардың бас хатшыларымен ақпараттық кездесу өткізді
Видеоконференция форматында ұйымдастырылған жиынға УЕФА президенті Александер Чеферин мен Еуропа футбол қауымдастықтарының одағының бас хатшысы Теодор Теодоридис қатысты.
УЕФА құрамына мүше елдердің басқосуына Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин қатысты.
Форумға қатысушылар COVID-19 індеті аяқталғаннан кейін еуропалық футбол турнирлерін өткізудің оңтайлы шешімдерін іздеген екі жұмыс тобының нәтижелерімен танысты.
Ең алдымен кәсіби клубтар мен ұлттық құрамалар арасында өтетін ресми жарыстардың күнтізбесінің әртүрлі нұсқалары қаралды.
Сонымен қатар, ұлттық футбол қауымдастықтарын дамыту жобаларын мақсатында қолға алынған HatTrick бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру жолдары талқыланды. УЕФА мүдделі тараптарды осы бағытта қабылданған міндеттемелерді уақытылы орындауы қажет екенін жеткізді.
Жиын соңында маусымдағы ұлттық жоғары дивизиондар мен ұлттық кубок ойындарын аяқтауға кеңес берілді.
Жоғарыда аталған ішкі чемпионаттардың ойындары өтпеген жағдайда, ұлттық қауымдастықтарға көмек көрсету мақсатында еурокубок жолдамаларын бөлу мәселесі де реттеледі.
Жиналыста қаралған тақырыптар бойынша ресми шешімдер келесі бейсенбіде өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің отырысынан кейін жария етіледі.