Ұлттық құрама. Күзгі матчтар алдындағы дайындық

Ұлттық құрама. Күзгі матчтар алдындағы дайындық

23 мамыр 2021, 15:32
Қазақстан құрамасы 4 және 7 маусым күндері жолдастық мачтар өткізеді.

Талғат Байсуфинов баптайтын Қазақстан құрамасы екі қарсыласпен келіссөз жүргізіп, нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан футбол федерациясының халықаралық байланыс бөлімі екі айға жуық уақыт жүргізген келіссөздерінің арқасында Солтүстік Македония және Мальта құрамалары жолдастық ойын өткізуге келісімін берді. Дәл қазіргі пандемияның қылышынан қан тамып тұрған заманында өзге құрамамен келісімге келіп, матч ұйымдастыру оңай шаруа емес. Екі мемлекет өзара келісіп болған соң, оны УЕФА бекітіп, ресми датасын белгілеп, ойын өткізуге рұқсат етті. Ендеше, Солтүстік Македония құрамасымен болатын ойынға тоқталсақ.

Бұл елдің құрамасы өткен жылы күзде сенсация тіркеп, ЕУРО-2020 додасына жолдама алды. Горан Пандевтің салған жалғыз голы македониялықтарды бақытты етті. Ұлттар лигасы арқылы іріктеуден іркілмеген македониялықтар тарихында бірінші рет осындай ірі додаға қатысқалы отыр. Гол авторы Горан Пандев ұлттық қаһарманға айналып, онсызда асқақтап тұрған абыройын одан әрі көтерді. «Дженоа» шабуылшысынан бөлек бұл құрамадағы ойыншыларды таныстыра отырсақ. Алдымен қақпашы мәселесін қаужасақ. Столе Дмитриевский испан Ла-лигасында өнер көрсететін «Райо Вальекано» командасының қақпасын күзетеді. Қорғаушылар деген кезде ең алдымен Стефан Ристовский еске түседі. Ол кездінде «Спортинг» Лиссабон сапында жарқылдаған. Қазір загребтің «Динамосында» доп теуіп жүр. Ағылшын премьер-лигасындағы «Лидс» сапында ойнайтын Эзган Алиоскиді білмейтін жанкүйер аз шығар. Ол 35 ойынға қатысып, 2 рет гол салды. Марсело Бьелсаның командасында ол негізгі футболшы. Ал жартылай қорғаныста Агим Ибраими туралы айтсақ та жеткілікті. Ол кезінде «Астана» намысын қорғап, еурокубокте көзге түсті. Бірақ Агимнің «Астанадағы» ойыны қатты жүре қоймады. Ол ауыр жарақат алып қалды. Ал «Наполи» жартылай қорғаушысы Элиф Элмас Солтүстік Македония құрамасында белді аяқдопшы екені айдан анық.

Шабуыл шебінде Пандевтен бөлек тағы да екі мықты шабуылшы бар. Оның бірі Илия Нестеровский «Удинезе» сапында 22 ойында алаңға шығып, осы маусымда 2 гол салды. Италия «А» сериясында гол салып, дәл пастар беріп жүрген Нестеровский Қазақстан құрамасының қорғанысына қауіп төндірері анық. Күзде басталатын ресми матчтар алдында осындай жолдастық кездесулер өте жақсы сын сабағы болары анық. Құрамамыздың қорғаушылары адуынды шабуылға қарсы ойнап үйрене бергені әлбетте құптарлық іс.

Екінші ойын Мальта құрамасына қарсы. Алғашқы кездесу Македония астанасы Скопье қаласында өтсе, Мальтаға қарсы матч Аустрияның Вольфсберг қаласында өтеді. Бұл біріншіден пандемиядан ада, санитарлық тұрғыда қауіпсіз аймақ. Екіншіден Скопьеден кейін Аустрияға келе салу да оңай болады. Мальта аралына сабылып, ұзақ жол жүрмейсіз. Оның үстіне Мальтаның соңғы ойындары көпшілікті таңқалдырады. Бұл құрама анағұрлым күшейіп алды. Бұрындары балықшылар мен бухгалтерлер құрамасы деп мұрын шүйіретіндер қазір Мальтадан ұпай алғанына қуанады. Олар осы жақында ғана Братиславада Словакия құрамасымен 2:2 тең түсті. Демек, қорғанысы мықты, тегеурінді ұжым деген сөз. Қазақстан құрамасының шабуыл шебінде ойнайтын футболшыларына бұл бір таптырмас мүмкіндік десек болады.

Бас бапкеріміз Талғат Маруаұлы Байсуфинов ұлттық құрамаға жаңадан ойыншыларды шақыртып, премьер-лигада көзге түсіп жүрген футболшыларды бір сынап көрмекші. Мысалы, Бауыржан Байтана, Әлібек Қасым секілді талантты ойыншылар осы екі ойында алаңға шығып жатса таңқалмаймыз.

Бөлісу
Жоғары