Қазақстан және Румыния футбол федерациялары ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды
ҚФФ Президентінің арнайы шақыруымен Астанаға Румыния футбол федерациясының президенті Рэзван Бурляну мен бас хатшысы Раду Висан жұмыс сапарымен келді.
Федерация басшыларының кездесуі Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде өтті.
Жиында сөз алған Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов 2034 жылға дейін отандық футболды дамыту стратегиясын таныстырды. Құжатта бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, футбол мамандарын даярлау және бұқаралық футболға арналған футбол инфрақұрылымын жаңғырту бағыттары қамтылған.
Өз кезегінде Румыния футбол федерациясының президенті Рэзван Бурляну өз еліндегі футболды дамыту концепциясын таныстырып, футбол жобаларындағы жетістіктерімен бөлісті.
Кездесуге ҚФФ құрылымдық бөлімдерінің барлық жетекшілері қатысты. Екі жақ ортақ әріптестіктік мәселелеріне тоқталып, техникалық сұрақтарды терең талқылады.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Меморандумда бұқаралық футболға, мамандарды даярлау жүйесіне және жас таланттарды дайындауға көңіл бөлінген.