Ғалымжан Есенбаев: «Тұран» академиясын құру үшін дайындық жұмыстарын бастадық»
- Ғалымжан Тілеуқабылұлы, «Тұран» жастарының ел чемпионатында топ жаруының басты сыры неде?
- «Тұран» командасымен өткен жылдан бастап жұмыс істеймін. Былтыр 2003-2004 жылғы ойыншылардан құралған командамен Қазақстан чемпионатында 5-орын алдық. Биылғы маусым алдында Черногория мен Сербиядан 2 маман шақырып, «Тұран» академиясын құру үшін дайындық жұмыстарын бастадық.
Мен бұған дейін 2016-2017 жылдары «Ордабасы» футбол орталығында бапкер болып, 19 жастағы футболшылар арасында екі рет ел чемпионатында жеңіске жеттім. Республикалық «Арман» турнирінің кубогын ұттық. Осы жас аралығында өзімнің тәжірибем болған соң, «Тұран» командасының осы жастағы командасын өзіме алып, футбол орталығының басшысы болдым.
Биылғы маусымға қаңтар айынан бастап дайындалдық. Ақпан айында Тараз қаласында өткен «Арман» кубогының іріктеу ойындарынан іркілмей өткенімен, наурыз айындағы шешуші кезеңде жақсы нәтиже көрсете алмадық.
Кейін ойыншылармен, жаттықтырушылар штабымен ақылдаса келе, Чемпиондар лигасына шығамыз деп өзімізге мақсат қойдық. Сәуір айында Алматы қаласында басталған бірінші кезеңде ұпай жоғалтпай, жақсы ойнап шықтық. Содан кейін ойыншыларда өздеріне деген сенім пайда бола бастады. Бірақ мамыр айындағы Павлодардағы кезеңде біз «Жетісу» командасымен тең ойнап, ұпай жоғалтып алдық. Келесі кезең Шымкент қаласында өтетін болды. Осы кезеңде біздің ең басты қарсыластарымыз «Қайрат» пен «Ақсу» командаларымен кезекпен кездесетін болдық. Ойын нәтижесі бойынша, «Ақсу» командасын 3:1 есебімен ұтып, «Қайрат» командасымен тең түскен болатынбыз.
Үшінші кезеңде 9 ұпай жинадық. Өткен маусымның жүлдегерлері «Астана» (4:0), «Оңтүстік» академиясы (2:0) және «Тараз» (3:0) командаларын жеңіп, «Қайрат» командасынан 1 ұпайға және «Ақсу» командасынан 2 ұпайға алға шықтық.
Өскемен қаласында болған соңғы кезеңде максималды 9 ұпайды алып, «Қайрат» командасымен 1 ұпай айырмашылықты сақтап қалдық. Балалардың өзі жеңіске ұмтылып, сенімдері арта бастады.
Басында сенімсіздікпен қарағандар болады. Мәселен, «Қайрат» командасымен ойнағанда, олардың құрамында Бірінші лигада ойнап жүрген 6-7 ойыншы болды. Алайда, барлық жұмыстар, спарринг ойындар, уақытылы өтіп жүрген жаттығулар жақсы әсер етті.
- Аз уақытта жеңіске жеткен команда қалай жасақталды?
- Түркістан облысының аудандарында спорт интернатында жаттығатын балаларды шақырттық. Түркістан қаласынан Ерасыл Сәрсенбай деген ойыншыны алдыртып, басқа ойыншылардан жас болғанына қарамастан, нәтижелі пастар шығарып, команданы алға сүйреді. Кейін Шымкент қаласындағы БИІК командасының базасында дайындалып, ауылдан келген балаларды сонда орналастырдық. Балалардың бәрін қосып, ұйымшыл команда шығардық.
- Чемпиондар лигасына дайындық қалай болмақ?
- Ең алдымен, үлкен алғысымызды Қазақстан футбол федерациясына және балалар мен жасөспірімдер футбол департаментіне білдіреміз. Жыл бойы барлық чемпионаттарды ұйымдастырып, әр кезеңді қызықты әрі қолайлы өткізді. Ақпанда басталған ойындар қазан айында аяқталды. Яғни, 9 ай бойы балалар футбол атмосферасында жүрді. Балаларға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне де алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта жақсылап дайындалып, Қазақстан атынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен өту мақсатымыз.
Сол ойындарды өткізу үшін «Түркістан Арена» барлық стандарттар мен талаптарға сай келеді. Балалардың жетістіктеріне байланысты облыс басшылығы тарапынан академияны ресми ашайық деген ұсыныс болды. Түркістан қаласында салынып жатқан база жақын арада қолданысқа беріледі деп үміттенемін.
- «Тұранның» жетекші жас ойыншылары туралы айта өтсеңіз?
- Қақпашы Санжар Ергешов Оңтүстік Қазақстан облысының спорт мектебінде жаттыққан. Чемпионат бойынша тек 5 гол жіберді. Қазірде U-18 ұлттық құрамаға шақырту алды. Қорғаушылардан Мәлік Айдар екінші лигада ойнады, бірнеше голдық пастар берді. Ортада ойнайтын Маралхан Бегалы деген ойыншы Шымкенттегі спорт мектебінде оқиды, Сарыағаштың баласы. Ерасыл Сәрсенбай Түркістанның 2006 жылғы ойыншысы, 12 гол салып, бірнеше голдық пастар берді. Көшбасшы командалардан ешқандай гол жібермедік. Қорғаныс тарапы мықты болды. Әли Үсіпбай Арыстың тумасы, үздік қорғаушы атанды.
- Футбол орталығының жұмысына тоқталып өтсеңіз?
- Біздің орталықтың мақсаты – алдағы уақытта еліміздің атын шығаратын кәсіпқой ойыншыларды тәрбиелеу. Қазіргі таңда футбол орталығында білім алатын оқушылардың жалпы саны 500-ден асады. Сонымен қатар, келесі жылы бапкерлер арасында селекция болады деп талаптанып отырмыз. Біздің облыстың потенциалы жоғары, дайындыққа ауа-райы қолайлы және ойыншы табу қиынға соқпайды. Дене даярлығы және қақпашылардың жаттықтырушыларын шетелден шақырту да ойда бар.