Елордада өткен форумға қатысушылардың пікірлері
Елтай Әбдірахманов, Жамбыл облыстық футбол федерациясының атқарушы директоры:
- Астана қаласындағы форумға аймақтық федерация ғана емес, спорт мектептері мен кәсіби футбол клубтарының өкілдері де шақырылып, керекті тақырыптар мен мәселелер талқыланды. Сол тақырыптардың арасынан спорт мектептері мен футбол орталықтарында еңбек ететін бапкерлердің дәрежелерін біріктіру туралы ұсынысты толық қолдаймын. Жергілікті аймақтардағы әуесқой футбол мен аудандардағы футбол арасындағы байланысты қолға алу – маңызды мәселе.
Бауыржан Әбдубайытов, «Ордабасы» және БИІК футбол клубтарының президенті:
- Форумға Қазақстан футболының әртүрлі саласының өкілдері қатысты. Жиналыстың пайдасы өте көп. Қызықты әрі тартымды сұрақтар болды. Мен үшін маңызды сұрақтардың бірі кәсіпқой футболда ойнап жүрген футболшылардың арасында шетелдің азаматтарын азайту болды. Яғни, легионерлердің санын шектеп, Қазақстан азаматтары көп мүмкіндік беру. Бұл бір күндік мәселе емес. Өйткені, ойыншылардың келісімшарттары бар. Келешекте бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын.
Ғалымжан Есенбаев, «Тұран» футбол орталығының жетекшісі:
- Ең алдымен, кәсіби футболды көтеру үшін балалар футболын дамытып, қолға алу қажет. Федерация балалар футболына үлкен көңіл бөліп, аймақтардағы инфрақұрылымдарды, балалардың жаттығуына жағдай жасау жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Солардың бірі – балалардың жыл бойы жаттығуына ыңғайлы жабық манеждердің салынуы. Ауа-райы қолайсыздығына байланысты өңірлерде жабық манеждер салу мақсаты өте жақсы шешім деп айта аламын. Қазіргі таңда маңызды мәселелер – инфрақұрылым мен кадр тапшылығы, бапкерлердің білімі. Егер осы проблемаларды шешсек, онда көрсеткіш те жақсы болады. Елімізде жасөспірімдер мен балаларға арналған чемпионаттар мен жарыстар санын да көбейту керек. Бір жылда ең аз дегенде 40 ойын болса, балалар жиі жаттығып, тәжірибе алмаса алады. Жас балаларды өзге елдерге шығарып, жолдастық кездесулерге апарған абзал. Халықаралық тәжірибенің де алдағы турнирлерде маңызы зор.
Айбахыт Мырзатай, Қазақстан әуесқой футбол лигасының өкілі:
– Қазақстан әуесқой футбол лигасы қазіргі таңда футзалды және 6х6 футболды дамытуға үлес қосып жүрген республикалық ұйым. Форумда Қазақстан әуесқой футбол лигасы мен Қазақстан футбол федерациясының бірлесіп, тікелей әр аудандармен жұмыс жасауын, сонымен қатар футзалдан Қазақстан әуесқой футбол лигасының чемпионатын Қазақстан чемпионатының бірінші лигасы деп қабылдау мәселесін көтердік. Біздің негізгі мақсат бұқаралық футболды дамытып, қаржыны осы салаға бөлу. Алдағы уақытта біз өткізетін жарыстарға қаржылай немесе керек жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетсе екен деген ұсынысымыз бар.