«Ақтөбе» мен «Ордабасы» – «Арман» республикалық турнирінің жеңімпаздары
Алтын медаль үшін өткен кездесуде «Ақтөбе» мен «Ордабасы» жастар командалары кездесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталды. Матчтың жеңімпазы пенальти сериясында анықталып, онда ордабасылықтар мықтырақ болып шықты.
Алайда турнир соңында Төрешілік-сарапшылық комиссиясының отырысы өтіп, финалда қызмет атқарған төрешілер тобының жұмысын бағаланды.
Жиынның қорытындысы бойынша бас төрешінің көмекшісі пенальти сериясында жіберген жүйелі-әдістемелік қателіктерін мойындады. «Ақтөбе» қақпашысының қақпадан шыққан сәтіне байланысты ойын ережесінің бұзылғанын тіркеп, соның салдары матчтың нәтижесіне кері әсерін тигізді.
Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы «Арман» турнирінің екі финалисін де жеңімпаз деп тану туралы шешім қабылдады. «Ақтөбе» командасының футболшылары да кубок, алтын медаль және дипломдармен марапатталады.