ҚФФ, ҚКФЛ және Кәсіпқой футболшылар альянсы өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды
Үш жақты ынтымақтастық аясында футболшылардың кәсіби қызметін қолдау үшін Альянс жұмыстарына өзара көмек көрсетіледі. Жекелей алғанда тараптардың қызметі УЕФА, ФИФА, ҚФФ және ҚКФЛ нормативті құжаттарының ережелерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов:
– Қазіргі таңда футбол көптеген тараптардың кешенді үйлесімі саналады. Сол себепті Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы және Кәсіпқой футболшылардың альянсының елімізде футболдың дамуы мен мәртебесін айтарлықтай көтере алатын әлеуеті бар. Кәсіпқой футболшылар альянсының басшысы ұлттық құраманың көшбасшысы әрі капитаны Асхат Тағыберген болғаны да үлкен маңызға ие. Ол клубтық және ұлттық құрама деңгейінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян:
– Бұл бастаманы қолдаймын және біздің ынтымақтастық өз жемісін міндетті түрде береді деп санаймын. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы альянстың жұмыстарына қажетті көмекті көрсетуге дайын. Біздің ынтымақтастық кәсіпқой футболда ойыншылардың мәртебесін нығайта түседі.
Қазақстан ұлттық құрамасының және «Ордабасы» футбол клубының капитаны Асхат Тағыберген:
– Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Футбол ойын ғана емес, көптеген жастар үшін өз армандарын іске асыру үшін берілетін мүмкіндік. Сол себепті ҚФФ, ҚКФЛ және кәсіпқой футболшылар арасында өзара қарым-қатынасты нығайту жүйесін жетілдіру маңызды. Менің басты мақсатым – ойыншылардың кәсіби және жеке дамуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салу.
Меморандум аясында Қазақстан футбол федерациясы, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы және Қазақстан кәсіпқой футболшылар альянсы әртүрлі тақырыпта іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.