Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасы бойынша алғашқы футбол алаңын ашты

Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасы бойынша алғашқы футбол алаңын ашты

02 қараша 2023, 14:51
Алғашқы футбол алаңы Ақтөбе қаласында пайдалануға берілді.

№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футбол алаңы қайта жаңғыртылды. Жобаның негізгі мақсаты – футбол инфрақұрылымының сапасын арттыру және бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

Жаңартылған алаңның ашылуына Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысты.

Жаңа алаңның ашылуына орай №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі аумағында әртүрлі жастағы балалардың қатысуымен футбол фестивалі өтті.

Еске салайық, биыл Қазақстан футбол федерациясы Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қазақстандағы футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасын іске қосқан болатын. Үш жылға арналған бағдарламаға УЕФА қолдау көрсетеді. Жобаның – бас серіктесі 1XBET букмекерлік компаниясы.

«Арайлы Ақтөбе өңірінде Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің футбол алаңы жаңартылды.  Бұл – «Алаң» жобасы бойынша елімізде пайдалануға берілген алғашқы футбол алаңы. Біздің стратегиямызда көрсетілген басты міндеттер балалар футболын дамытып, бұқаралық футбол үшін қолайлы жағдай жасау.  Енді осы алаңда балалар жаттығу жасап, бұқаралық футболдан жарыстар ұйымдастырылады. Жаңа алаңда Қазақ футболының болашақ жұлдыздары шығады деп кәміл сенемін!», – деді Әділет Бәрменқұлов.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеден бөлек, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысында да футбол алаңдары жаңартылады. Қазіргі уақытта 2024 жылға арналған футбол алаңдарын жаңартуға өтінімдер қабылданып жатыр. Келесі жылдың өтінімдері осы сілтеме арқылы 2023 жылдың 15 қарашасына дейін қабылданады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары