Футбол үйінде Қазақстан футболының музейі ашылды

Футбол үйінде Қазақстан футболының музейі ашылды

04 қараша 2023, 23:30
Қазақстан футболының 110 жылдығына орай, сондай-ақ бай тарихты сақтау және отандық футболды насихаттау мақсатында Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды.

Іс-шараға «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілері, Қазақ футболының ардагерлері, отандық футбол клубтарының жетекшілері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, сондай-ақ ұлттық құрама ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты.

Музейді құруға атсалысқан ұжым 1913 жылы Семейде бастау алған Қазақстан футболының тарихын жаңғырту үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жәдігерлер, деректер және ақпарат жинау жұмыстарын жүргізді.

Осы оқиғаға орай Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түсті.

ФИФА президенті Джанни Инфантино:

«Бірнеше ай бұрын мен сіздердің әдемі елдеріңізге барып, Қазақстанда футболға деген керемет құштарлық пен сүйіспеншілікті өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Музей елдегі футболдың 110 жылдық тарихына, істерге, тұлғаларға, сондай-ақ спортымызды дамытып жатқан барлық адамдарға құрмет көрсетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз».

УЕФА президенті Александер Чеферин:

«Қазақстан футбол федерациясын музейдің ресми ашылуымен құттықтағым келеді. Осындай маңызды оқиғалар ұлттық қауымдастықтың дұрыс бағытта дамып, УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанының дәлелі болды. Сіздердің УЕФА клубтық жарыстарына қатысуларыңыз және ұлттық құраманың жетістіктері қауымдастықтың барлық деңгейдегі прогрессін көрсетеді, ал алдағы уақытта еуропалық футболда одан әрі толық бәсекеге түсуге мүмкіндіктеріңіз бар. ҚФФ-ға табыс тілеймін, өйткені сіздер бұл дәрежеге жету үшін ұзақ жолдан өттіңіздер және қазіргі табыстарыңыз – футболмен өмір сүретін және футболды жақсы көретіндерге арналған».

Қазақстан футболы музейінің ашылуына орай Әділет Барменқұлов Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының (AIPS) алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ салтанатты шарада Қазақстан футбол музейінің экспонаттарын жасау мен толықтыруға зор үлес қосқандарға ҚФФ Президентінің алғыс хаты табысталды:

– Сегізбаева Айгүл Тимурқызы – көрнекті футболшы, жаттықтырушы Тимур Санжарұлы Сегізбаевтың қызы. Айгүл Тимурқызы әкесінің жеке заттарын музей қорына сыйға тартты.

– Әлім Ілиясұлы Анапьянов – спорт журналисі, спорт тақырбында 6 кітаптың авторы. Ол музей қорына көптеген әдебиет пен басқа да жәдігерлерді сыйға тартты.

– Станислав Серікұлы Сәрсеков – спорт тарихшысы, шолушы, журналист. Ол музей қорына өзінің жеке коллекциясынан 150-ден астам жәдігерді сыйға тартты.

– Назгүл Нұржанқызы Кадримбетова – еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, PhD докторы.

– Әсілхан Нұфтоллаұлы Маштаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, «Астана Арена» стадионының және еліміздің басқа да маңызды мәдениет және спорт нысандарының дизайнын жасауға қатысқан музей дизайнері.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен ашылған музейде Қазақстан футболының тарихы, оның ішінде аты аңызға айналған ойыншылардың жетістіктері мен еліміздегі футболдың дамуындағы маңызды сәттері көрсетіледі.

Айта кетейік, музей қорына кез келген адам футболымыздың тарихына қатысты жәдігерлерді сыйға тарта алады.

Музей жұмыс күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. (Музейді аралау үшін алдын-ала өтініш қалдыру қажет).

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары