ҚФФ президенті еурокубокқа қатысушы клубтармен матчтарды қауіпсіз өткізу мәселелері бойынша онлайн-жиналыс өткізді
Кездесудің негізгі тақырыбы еурокубок ойындарын өткізетін стадиондардағы қауіпсіздік жұмысын ұйымдастыру болды. Жиналысқа «Ордабасы», «Астана», «Ақтөбе» және «Тобыл» ФК басшылары мен өкілдері, Шымкент, Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы Орталық стадиондардың директорлары, сондай-ақ КФФ мен QFL қызметкерлері қатысты.
Әділет Барменқұлов қауіпсіздік бойынша УЕФА регламенті мен ҚФФ-ның матчтарды ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша регламентін сақтаудың маңызын атап өтті. Туризм және спорт министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығында көрсетілген спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында қауіпсіздікпен қамтамасыз ету тәртіптеріне де назар аударылды. ҚФФ президенті матчтарды ұйымдастыру және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жылдам арада жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты бастау керегін айтты.
Әр клуб пен стадионға ойындарды жоғары деңгейде өткізу тапсырылды. Өйткені халықаралық деңгейдегі матчтар еліміздің имиджіне тікелей әсер етеді. Әділет Барменқұлов жанкүйерлер қауіпсіз жағдайда тамашалай алуы керек екенін атап өтті.
Бұған қоса, ҚФФ жарыстарының қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Серік Сәрсембековке матчтарды ұйымдастыру және өткізу бойынша ішкі істер органы мен жергілікті мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасты орнату бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету бойынша тапсырмалар берілді.