Станислав Черчесов: «Барлық жанкүйерді асыға күтеміз, өйткені әрқайсының қолдауына үміт артамыз»
– Станислав Саламұлы, келесі аптада Алматыда ОЖЖ басталады. Оқу-жаттығу жиынының барысымен таныстырып өтсеңіз.
– Алматыға жиынға дейін барамын. Өйткені ұйымдастыру жұмысы бар. Жиын Орталық стадионда өтеді. Соңғы уақытта ол жақта көп ойындар өтті. Бастысы алаң сапасы шыдаса екен. Жаттығу жоспары түзіліп қойған, алайда «Қайрат – «Астана» матчының шегерілуіне байланысты өзгеріс енгізуге тура келеді. Кейбір футболшылар 1 қыркүйекте, енді бірі 2 қыркүйекте келсе, соңғылары 3-не командаға қосылады.
Жаттықтырушылар штабы бір-екі күн ерте жиналып, ешқандай кемшілік болмау үшін бәрін жоспарлап қояды.
– Нақты тізімге бұрынғыдай үш емес, төрт қақпашы еніпті. Мұның себебі неде?
– Ұлттық құрамаға Стас Покатилов оралды. Жеке сөйлесіп, барлық мәселенің басын ашып алдық. Кезінде бір жағдай болған екен, бірақ қазір бәрі дұрыс. Ұсынысты қуана қабыл алды. Біздің тараптан да айтылмай қалатын әңгіме болмайды. Ол кез келген сәтте алаңға шыға алатын қақпашының бірі болуы керек. Бір себептерге байланысты соңғы жылдары шақырылмай жүрді. Бұл да оған дұрыс шешім қабылдауға көмектесті деп ойлаймын.
Шацкий кейінгі екі жылдағы барлық ойынды жоғары деңгейде өткізді. Қазір «Ақтөбе» сапында тұрақты ойнап жүр.
Заруцкий – деңгейі жақсы қақпашы. Әзербайжанға қарсы ойынын көрдім. Өкінішке қарай, соңғы кездері алаңға шықпай жүр. Бірақ біз оның деңгейін білеміз. Сондықтан ол нақты тізімге енді.
Темірлан Анарбековке келер болсақ, бапкерлер штабы жастар құрамасын үнемі бақылауда ұстайды. Константин Горовенкомен тұрақты байланыстамыз. Константин Александровичті жастарды ұлттық құрамаға көбірек тарту мәселесінде кеңесші етіп шақырғым келеді. Өйткені ол жастарды жақсы таниды, олардың деңгейін біледі. Оның үстіне, кәсіби тұрғыдан даму үшін өзіне де жақсы болады.
Біз ұлттық құрама жастарды үнемі бақылап жүретінін сезсе дейміз. Анарбеков тәжірибелі қақпашылармен бірге дайындалып, тәжірибе жинайды. Ұлттық құраманың деңгейін сезінеді. Матчқа бір-екі күн қалғанда жастар құрамасына оралады. Ұлттық құрама бапкерлері жастарды бақылайтынын көрсету үшін әр жиынға бір-екі жас ойыншыны шақырып отырамыз.
– Ұлттық құрамаға тұрақты түрде шақырту алып жүрген Бекхан Шайзада тізімге ілінбеді. Мұның себебі неде?
– Біз келісімшарт ұсынып жатқан жоқпыз, жиынға шақырып жатырмыз. Сондықтан келесі жиынға дейін кімнің бабы қандай екенін көреміз. Шайзада еурододада тамаша ойнағанын, әсіресе пенальти сериясында бар өнер паш еткенін айта кету керек. Бүгін осындай шешім қабылданды, келесі жолы бәрі басқаша болуы мүмкін.
– Жанкүйерлер арасында жақсы ойынымен көзге түсіп жүрген «Қайраттың» ойыншылары Еркебұлан Сейдахмет пен Андрей Ульшин, «Елімай» ойыншысы Жан Әли Пайрузды неге құрамаға шақырмады деген сұрақ бар.
– Жаңа бапкерлер штабы жұмысына жақында ғана кірісті. Ұлттық құрама бұған дейін түрлі себеппен шақырылмай жүрген ойыншылар оралды. Барлық ойыншыны бақылап жүргенімізді қайталап айтамын. Бірден бәрін шақыра алмаймыз немесе тәжірибелі ойыншының бәрін алмастыра алмаймыз. Өйткені бір бас жоғары ойыншыларды көріп тұрғанымыз жоқ. Сол үшін тепе-теңдік сақтау қажет. Жақсы ойнап жүрген футболшыларды бақылауда ұстаймыз. Керемет гол соғып жүрген Ульшин кеңейтілген тізімде. Нақты тізімге ілінбесе де, кез келген сәтте шақырып қалуымыз мүмкін.
Жанкүйерлер тарапынан сұрақ үнемі болады. Бұл жақсы үрдіс. Сұрауы көп болғаны, демек команда үшін уайымдайды деген сөз. Қазақстан – миллиондаған тұрғыны бар ел, сондықтан бәрінде бірдей пікір болуы мүмкін емес. Бұл біздің бірінші жиын екенін қайталап айтқым келеді. Ең бастысы, футболшылар командасынан жақсы көңіл-күй мен жарақатсыз келсе болғаны.
– Норвегия мен Словения құрамалары жайлы не айтасыз? Мықты не әлсіз тұстарын атап өтсеңіз. Жақсы нәтижеге жету үшін не істеуіміз керек?
– Әзірге Словения жайлы ойламаймыз. Өйткені бірінші қарсылас – Норвегия. Екінші қарсылас туралы кейінірек ойлаймыз. Еуропада чемпионаттар мне еурокубоктар басталып кетті. Холандтың қалай гол соғып жүргенін көріп жүрміз. Десе де Холандқа емес, Норвегия құрамасына дайындаламыз.
Словения құрамасына келер болсақ, олардың Еуропа чемпионатындағы ойынын көрдім. Оның үстіне, Қазақстан құрамасы Словениямен былтыр ойнаған. Деңгейі бар - мықты ұжым. Бірақ Словения туралы ойлауға әлі ерте. Алда тұрған кедергіні емес, одан кейінгісін ойласаң, біріншісінде сүрінетінің анық.
– Максим Самородов жарақатына қарамастан қосалқы тізімге енді. Ол алдағы матчтарға дейін жарақатынан айығып үлгере ме?
– «Ахматқа» ауысқанына, таныс бапкер – Магомед Адиевтің қолына түскеніне қуаныштымын. Десе де бұл басқа лига, басқа командалар және басқа талап. Команда ауыстыру әркез жүйкеге салмақ түсіреді. «Ахматтың» дәрігерлермен сөйлесіп, Астанаға жіберуін сұрадық. Ол осында қайта қалпына келу процесінен өтеді. Әзірге кеңейтілген тізімде тұр. Шешімді жарақатының жазылуына байланысты қабылдаймыз. Бірақ бірінші ойынға нақты дайын болмайды.
Сағадат Тұрсынбайдың жарақат алғаны да өкінішті. Оны кеңейтілген тізімге қосып, артынша шақырамыз деп ойлағанмын. Бірақ бірінші жиынға жарақатпен келіп, асқындырып алмасын деп осындай шешім қабылдадық.
– Жанкүйерлерге айтарыңыз?
– Барлық билет сатылып кетті деп естідім. Барлық жанкүйерді асыға күтеміз, өйткені әрайқысының қолдауына үміт артамыз. Өз тарапымыздан сіздерді қуанту үшін алаңда қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Сіздердің қолдауыңызға сенеміз. Сіздер де бізге сеніңіздер. Жетістікке бірге жетеміз!