Темірлан Анарбеков: «Қазақстанның нөмірі бірінші қақпашысы болғым келеді»

Темірлан Анарбеков: «Қазақстанның нөмірі бірінші қақпашысы болғым келеді»

20 қараша 2024, 17:00
Темірлан Анарбеков Қазақстан чемпионатының өткен маусымының жарқ етіп, сенімді ойынымен көзге түскен қақпашының бірі болды. Соның нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Темірлан мансабын қалай бастағанын, «Қайраттың» академиясына қалай түскені және «Жеңіс» сапындағы ойыны жайлы айтып берді. 

- Темірлан, футболға қалай келдің, не үшін қақпаға тұруды таңдадың? Осы жайла айтып берсең.

- Футболға кеш келдім десем де болады. 11 жасымда Атырауда балалармен доп теуіп жүріп, «Атырау» командасына іріктеу жүріп жатқанын естідік. Басында алаңда ойнағым келді, бірақ мені алмады. Екінші құрамға іліндім. Ол жақта қақпашы болмағандықтан мені қақпаға қойды. Бойым ұзын болмаса да бірнеше соққыны қайтардым. Сосын жаттықтырушы қақпашы болуды ұсынып, мен келісімімді бердім.

- «Қайраттың» академиясына қалай келдің?

- Алматыға жарысқа келгенде скауттар мені байқапты. Қаралымға келуді ұсынды. Ата-анаммен ақылдасқан соң оң жауабымды бердім. Қаралымнан сәтті өтіп, мені академияға алды.

Басында қиын болды. Бірақ футболға деген махаббатым барлық қиындықты жеңіп шықты. Ол кезде Қазақстанда мұндай жоғары деңгейдегі академия бар екенін білмедім де. Бәрі ұнады. Жігіттермен жақсы араласып кеттім, команда жақсы болды. Бапкерлер көп нәрсеге үйретті. Бәрі үшін алғысымды айтамын. 

- Сен Қазақстан жастар құрамасының көшбасшы ойыншыларының бір болды. Іріктеу кезеңінің соңында команда ойыны не себепті өзгерді деп ойлайсың?

- Іріктеу кезеңінің басында қорғанысқа көп көңіл бөлдік. Кейін бас бапкер өзгеріс енгізіп, шабуылда ойнайтын болдық. Ойын сұлбасы өзгерді. Соның арқасында болар, Шотландияны жеңіп, Испанияға лайықты тойтарыс бердік. Іріктеуден өте алмасақ та, командада белгілі бір деңгейде өсу болды. 

- Испаниямен ойында қақпашы ретінде өзіңе көңілің толмаса да, команда сырт алаңда төрт гол соқты. Бұл ойын қандай әсер қалдырды?

- Матчты ауыр бастадық, бірақ артынша гол соға бастадық. Жанкүйерлердің бізге шапалақтап, қолдау көрсеткенін байқадым. Мұндай ойынды ешкім күтпесе керек.  

- Қазақстан құрамасына алғаш шақыртуды қалай білдің?

- Ол кезде ұлттық құрамаға шақырады деп ойламадым. Ата-анам мен достарым тізімді жіберген соң бірақ көрдім. Биыл қақпашы ретінде прогресс болғандықтан мені шақырды деп ойлаймын. 

- Ұлттық құрамада қақпашылармен тәжірибелі Гинтарас Стауче жұмыс істейді. Жаттығуы қалай екен?

- Стаучемен бұрын-соңды көрмеген жұмыс істейміз. Тіпті, дене қыздыру жаттығуында бар назарың алаңда болу керек. Өте тез, белсенді жаттығулар көп. Осындай жаттығулардан соң өсіп жатқанымды байқаймын. 

- Қазақстан ұлттық құрамасына үйреністің бе? 

- Иә, бой үйреттік. Қазір тек жаттығу жасап, көп дайындалып жатырмын. Болашақта Қазақстанның нөмірі бірінші қақпашысы болғым келеді. 

- Биыл «Қайрат» сені «Жеңіске» жалға берді. Бұл клубтың шешімі ме, әлде өз таңдауың ба?

- Клубтың ұсынысы болды. Қыста «Қайраттың» басшылығы «Жеңіске» баруға қалай қарайтынымды сұрады. Мен келісімімді бердім. Ешкім сен ойнайсың деп уәде берген жоқ. Бірінші нөмір үшін бәсекелестікті жеңу керек болды.

- Лига Кубогының жартылай финалында «Қайратқа» қарсы матчта нағыз қаһарман болдың. Бұл күн сен үшін ерекше есте қалды ма? 

- Бастапқыда мен ойнамаймын деп ойладым. Бірақ менің алаңға шығуым үшін өтемақы төледі. Түскі ас кезінде бапкер мені шақырып, ойнауға дайынсың ба деп сұрады. Әрине, оң жауап қайтардым. Өзімді барынша көрсеткім келді. Бірақ «Қайратқа» деген құрмет танытып, қатты қуанбай, барынша эмоциямды ұстадым. 

- Сол ойында бұрынғы әріптестерің қай жаққа соққы жасайтынын білдің бе?

- Иә, кімнің қай жаққа соққы жасайтынын жақсы білдім. Мысалы, Сейдахметтің қалай тебетінін ждақсы білемін. Андрей Ульшиннің де соққысын дәл таптым.

- Ойыннан соң «Қайрат» ойыншылары құттықтады ма?

- Иә, командадағы жігіттер құттықтады. Сосын бапкер Илья Юров хабарласып, ойынымды мақтады. Жалға беру мерзімі аяқталған соң қайта «Қайратта» күтетінін айтты.  «Қайратта» бірінші орын үшін күресемін.

- Ұлттық құрамада тәжірибелі Шацкий және Покатиловпен бірге жаттығасың. Ара-қатынасың қалай?

- Стасты «Қайраттан» танимын. 16-17 жасымда бірге жаттыққан едік. Шацкиймен де жақсы араласамын. Қателіктерімді айтып отырады. Тәжірибесімен бөліседі. 

- «Жеңісте» жас та болсаң да бас болып, капитандық міндетті өзіңе алдың. Бұл өзіңнің таңдауың ба әлде клуб солай шешті ме?

- Бұл басшылықтың шешімі. Не дегенмен, мен жергілікті ойыншымын. Негізгі құрамда ойнаймын. Мен үшін капитандық міндет таңсық емес. «Қайрат-Жастарда» да капитан болдым. Маған бұл ешқандай қысым көрсетпейді. Керісінше жауапкершілігім артады. Жалпы,  кез келген ойыншы көшбасшы бола алады. Ал алаңда менің позициямнан ойыншыларды басқару оңайырақ, бәрі көрініп тұрады.  

- «Қайрат» Қазақстан чемпионы атанды. Бұрынғы командаластарың үшін қуандың ба? Өзің үшін маусымды қалай бағалайсың?

- «Қайрат» үшін өте қуандым. Маусым басында ешкім оларға сенген жоқ. Команда үшін қуаныштымын, жігіттерге хабарласып, құттықтадым.

Өзіме келетін болсам, 24 қарашада болатын Лига Кубогының финалына дайындалып жатырмын. Өте маңызды матч. Трофей жеңіп алғымыз келеді. Жалпы алғанда, бәрі осылай болғанына қуаныштымын. «Қайрат» пен «Жеңістің» басшылығына сенімі үшін алғысымды айтамын. Жас ойыншыларға, оның ішінде жас қақпашыларға мүмкіндік көп беріле бермейді.

- Премьер-лига мен Бірінші лиганың деңгейіндегі айырмашылықты сездің бе? Биылғы маусым сен үшін қиынға соқпады ма?

- Айырмашылық жер мен көктей. Бірінші лигада қателіктің жауапкершілігі басқаша еді. Премьер-лигада қателессең, ол көп жағдайда голға әкеледі. Мұнда жауапкершілік көбірек. Сол бірден сезіледі.

- Қақпашылар арасындағы кумирің кім?

- Бала кезде кумирім болмады. Тек футбол ойнағаннан ләззат алатынмын. Ал футбол матчтарын мүлдем көрмейтінмін.

Қазір, әрине, қарап тұрамын. Сараптама жасаймын. Эдерсонның аяқпен қалай ойнайтыны ұнайды. Зоммердің қақпа сызығындағы ойыны ерекше. Әркімнің мықты жақтарын өзіме алуға тырысамын. Нақты бір ойын моделі жоқ.

Бөлісу
Жоғары