Әли Әлиев: «Жаңа маусым көптеген голдық сәттер мен әсерлі ойындарға толы болады деп ойлаймын»

– Әли Ханәлиұлы, ертең жаңа маусым басталады, сіз бұл маусымнан не күтесіз?
– Ең алдымен, баршаны 2025 жылғы маусымның басталуымен құттықтаймын. Суперкубок матчы – жанкүйер көптен күткен ойын. Сарапшылар мен мамандар бұл чемпионатты асыға күтіп отыр, және менің ойымша, ол көптеген голдық сәттер мен әсерлі ойындарға толы болады.
Сонымен қатар, әр команда өз алдына қойған мақсатына жете алады деп үміттенеміз. Біз тартысты, бірақ, дөрекілік пен даулы жағдайларсыз өтетін чемпионатты күтіп отырмыз. Жарыстың қызықты болары сөзсіз, себебі 6-7 команда жүлделі орындарға таласады. Жалпы, маусымаралық кезеңде де олар жақсы дайындық өткізді.
Бұл ойын сапасына оң әсер етеді деп сенемін. Біз жазғы кезеңді де асыға күтіп отырмыз, өйткені сол кезде Еурокубок ойындары басталады. Қазақстанды Еуропада таныстыратын командалар чемпионат арқылы дайындалып, ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін. Олар Конференциялар лигасы мен Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады деген үміттемін.
Басқа командалар туралы айтатын болсақ, олар да лайықты деңгейде бәсекелестік көрсетеді деп ойлаймын. Жанкүйерлеріне әсерлі ойын сыйлап, осылайша жалпы Қазақстан Премьер-лигасының деңгейін көтереді.
Статистикаға келсек, 2025 жыл сұрмергендер мен голдарға бай болады деп үміттенемін. Өткен маусымда сұрмергендер небәрі 10 голдан соқты, бұл чемпионат тарихы үшін төмен көрсеткіш деп есептеймін. Сондықтан, командалардың шабуылшылары алғашқы турлардан бастап өз әлеуетін толық көрсете бастайды деп сенемін.
– Сіз ұлттық құраманың бапкері ретінде қай командаларға тактикалық тұрғыда назар аудардыңыз?
– «Ордабасы» командасын бақылау өте қызықты болады, өйткені олар құрамды толығымен жаңартып, бапкерлік штаб құрамын өзгертті. Олар өте икемді тактикалық жүйеде ойнайды, және бұл қаншалықты жемісті боларын ресми матчтар көрсетеді. Бақылау матчтарын ресми ойындармен салыстыруға болмайды, өйткені олардағы стресс деңгейі мүлде басқа. Ал үш ұпай үшін өтетін кездесулерде бәрі мүлдем басқаша шешіледі.
Сондай-ақ, «Елімай» сапалы ойыншыларды қатарына қосып, айтарлықтай күшейді. «Ақтөбені» де бақылау қызықты болмақ. Суперкубок ойыны көрсеткендей, бұл команда әлі бар айла-тәсілін қолданбады. Жаңа ойыншыларға келетін болсақ, олар өте сапалы футболшылар, бірақ оларға бейімделу үшін белгілі бір уақыт қажет.
Жалпы, ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы үшін қазақстандық ойыншыларды бақылау маңызды. Әсіресе, құрамында отандық футболшылары аз командаларға ерекше назар аударуымыз керек. Олар үнемі бақылауымызда болады.
Біз әр клубтың физикалық дайындық бапкерлерімен байланыстамыз. Әрбір қазақстандық ойыншы – біз үшін маңызды бірлік. Ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар тек «Астана» немесе «Ұлытау» клубтарынан ғана емес, жалпы ел чемпионатындағы кез келген командадан шақырылуы мүмкін.
Біз бірнеше іріктеу жиындарын өткіздік және бақылауға тұрарлық ойыншыларды анықтадық. Егер футболшы ұлттық құраманың бақылауында екенін білсе, ол одан әрі дамуға ынталанады. Бұл жай ғана ойыншыларды таңдау емес, нақты критерийлер бойынша іріктеу процесі болмақ.
– Жергілікті ойыншыларға сенім артатын командалар бар. Мұндай өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?
– Иә, «Қайсар» мен «Оқжетпес» көптеген адамдарға ұнайтын жолды таңдады. Олар жергілікті футболшыларға басымдық беріп, тек Қазақстандық ойыншылармен өнер көрсетуде.
Мен Виктор Кумыковпен сөйлесіп, осы ойыншылардың қайсысы ұлттық құраманы күшейте алатынын сұрадым. Оның айтуынша, әзірге әлі өсу керек футболшылар бар. Дегенмен, ол Айбол Әбікен, Айбар Жақсылыков және Думан Нәрзілдаевты ерекше атап өтті. Біз бұл ойыншыларды жақсы білеміз.
Біз бапкерлермен әрдайым байланыстамыз және егер олар белгілі бір ойыншыны ұсынса, біз оның техникалық-тактикалық әрекеттерін, фитнес көрсеткіштерін, алаңдағы қозғалысын мұқият зерттейміз.
Сондықтан «Қайсар» мен «Оқжетпестің» осы бағытты таңдағаны біз үшін қуанышты жағдай. Бірақ бұл олардың алдына қойылған мақсаттар мен нәтижеге деген жауапкершілікті алып тастамайды. «Қайсар» жобасы өте қызықты болмақ, және егер олар өз стратегиясын сәтті жүзеге асырса, бұл басқа көптеген клубтар үшін жақсы үлгі болары сөзсіз.