Стюарт Холл: ҚФФ жұмысы жастар футболына бағытталады

– Стюарт, сіз ҚФФ президенті Марат Омаровпен кездестіңіз. Жастар құрамаларын дамытуға қатысты қандай жоспарлар талқыланды?
– Президентпен өте жігерлендіретін кездесу болды, ол болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Марат Талғатұлы ҚФФ жұмысы жастар футболына және жастар құрамаларына бағытталатынына сенімді. Біз кейбір мәселелер мен олардың ықтимал шешімдерін қарастырдық. Алматыда жастар академиясын салу және Талғарда орналасқан базаны жаңғырту жоспарлары бар. Президент жұмыс жақын арада басталады деп үміттенеді. Сондай-ақ, біз жастар ұлттық құрамалары туралы және олардың халықаралық деңгейдегі үздік футболмен бәсекелесе алуы үшін қандай бағдарламалар әзірлеу керектігін талқыладық.
– Қаңтар айында Қазақстан U-16 құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Осы жиын туралы толығырақ айтып берсеңіз. Команданың жұмысына қаншалықты қанағаттандыңыз?
– Бұл жиын барлық жағынан өте жоғары деңгейде өтті. Біз Дубайға аттанар алдында -12 градус суықта жаттықтық, ал БАӘ-де +24 градусқа бейімделдік. Бізге керемет жағдайлар жасалды, ойыншылар бірлесіп жұмыс істеді және жоғары тәртіп көрсетті. Жаттығу базасы тамаша болды, мұнда бұрын «Ноттингем Форест», «Астон Вилла» және «Челси» клубтары да дайындықтан өткен. Біз күніне екі рет жаттығу өткіздік, нәтижесінде ойыншылардың көрсеткіштері күн сайын жақсара түсті.
Ойындар да тамаша стадиондарда өтті. Жеңіске жеткеніміз қуантады, бірақ ең бастысы – барлық ойыншылар алаңға шығып, тәжірибе жинады. Жарақат алған футболшылар сапалы оңалту бағдарламасынан өтті.
Ойыншылар Дубай қаласын аралап, жаңа өмір сүру деңгейін көрді. Бұл олардың болашаққа үлкен мақсаттар қоюына және жоғары амбицияларға ие болуына көмектеседі.
– Қазақстан U-16 құрамасы 2025 жылы халықаралық турнирлерге қатыса ма?
– Команда наурыз айында Шымкентте өтетін УЕФА даму турниріне қатысады. Қарсыластарымыз – Беларусь, Өзюекстан және Тәжікстан. Маусым, қыркүйек, қазан және қараша айларында ФИФА күнтізбесінде басқа турнирлер мен матчтарға мүмкіндік бар.
Біз басқа елдерден шақырту алуға және бәсекеге қабілетті ойындар өткізуге үміттіміз. Ал ішкі деңгейде біз QJ League-де бақ сынауымыз керек, өйткені онда біздің жігіттерден жасы үлкен қарсыластармен ойнауға мүмкіндік бар.
– Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніңізге бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай қорытынды жасадыңыз және Қазақстандағы жастар футболының болашағы туралы ойыңыз қандай?
– Біздің жоба 17 тамызда басталды, яғни қазір жұмыс істеп жатқанына алты айдан асты. Алғашқы ай ойыншылар үшін қиын болды, өйткені олар жаңа мектепке, жаңа физикалық және психологиялық талаптарға және достарынан, отбасынан алыс жаңа ортаға бейімделуі керек еді.
Қазақстандай үлкен елде футболшылардың бір жерде тұрақты жаттығуы – сапалы дайындық үшін жалғыз тиімді әдіс. QJ League – U18/17/16 санатындағы ойыншылар үшін жақсы жарыс, бірақ 7, 8, 9 және 10 жастағы балалар және қыздармен жұмыс істеу қажет.
Көп жағдайда негізгі жұмыс деңгейі қанағаттанарлық емес және түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Көптеген жаттығуларда ойыншылар саны нормадан асады, білікті бапкерлер жеткіліксіз, балалар доппен жұмыс істеуге аз уақыт бөледі, сондай-ақ жаттығу жағдайлары қиындық тудырады.