Нуну Алешандре Паррейра де Каштру – ҚФФ Төрешілік және инспекциялау департаментінің жаңа директоры

Де Каштру – Еуропадағы төрешілік саласының жетекші мамандарының бірі.
34 жылдық мансабында ол Португалия футбол федерациясы мен Бельгия футбол қауымдастығында маңызды қызметтер атқарды. Атап айтқанда, төрешілер департаментін басқарып, төрешілерді тағайындау, әкімшілік басқару және VAR жүйесін енгізу жұмыстарын қадағалады.
Сонымен қатар, Португалия футбол федерациясының Төрешілер академиясының техникалық директоры ретінде төрешілерді дайындаудың кешенді жүйесін әзірлеп, заманауи оқыту әдістерін, онлайн бағдарламаларды және төрешілік шеберлікті дамытуға бағытталған CORE жобасын іске қосты.
Халықаралық деңгейде УЕФА-мен тығыз жұмыс істеген ол CORE бағдарламасының нұсқаушысы болып, жетекші турнирлерде төрешілердің жұмысын қадағалап, Англия, Ирландия, Украина және Швециядағы төрешілік жүйесінің дамуына үлес қосты. CORE бағдарламасының тәлімгері ретінде ол Бенуа Бастьен, Гленн Нюберг секілді жоғары деңгейлі төрешілерді дайындады.
Инспектор ретінде 170-тен астам халықаралық матчта және УЕФА сарапшысы ретінде 100-ден аса ойында жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта ол УЕФА-ның инспекторы әрі техникалық бақылаушысы, сондай-ақ УЕФА төрешілік конвенциясы комитеті және УЕФА төрешілер корпусының мүшесі.
«Каштрудың бұл қызметке тағайындалуы Қазақстандағы төрешілік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оның халықаралық тәжірибесі, заманауи әдістері мен төрешілік саласындағы терең білімі төрешілерді дайындау жүйесін жетілдіруге, ұлттық жарыстардағы төрелік сапасын арттыруға және Қазақстанның әлемдік футбол қауымдастығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, аталған реформалар аясында төрешілердің, инспекторлардың, ТВ-инспекторлардың және VAR операторларының қаржылық жағдайы екі есе ұлғайтылды. Бұл олардың еңбегін әділетті бағалап, төрешілік сапасының артуына септігін тигізеді», - деді ҚФФ президенті Марат Омаров.