Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады

11 наурыз 2025, 01:32
Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Астана – Мәскеу – Ереван бағыты арқылы Арменияға ұшып келді.

Бас бапкер Рикардо Кака ұзақ жолдан кейін ойыншылардың денесін ширату үшін Армения астанасында алғашқы жаттығуында жасап үлгерді. Ертеңге ойын алды ресми жаттығу жоспарланған.

Қазақстан мен Армения құрамалары Еуропа чемпионатының іріктеу аясында небәрі екі рет кездесіп, екі ретте де жеңімпазды анықтай алмаған. Алғаш рет сонау 2004 жылы іріктеуде 2:2 есебімен тарқасты, екінші тең кездесу өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде тіркелді – 4:4.

2026 жылы Латвия мен Литва елдерінде өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алу үшін Қазақстан құрамасына Армениямен өтетін ойында үш ұпай ауадай қажет. Топтық кезеңде екінші орын алған құрама 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін өтпелі ойындары арқылы бақ сынап, жолдамаға таласады.

Армения – Қазақстан матчы 12 наурыз күні Астана уақыты бойынша 20:00-де басталады. Ойынды Армения футбол федерациясы Техникалық орталығының академиясы қабылдайды. Тікелей көрсетілімді «Qazsport» телеарнасы ұсынады.  Кездесудің төрешілері де белгілі. Бас төреші – Максимилиан Алькофер, екінші төреші – Свен Шрайбер (екеуі де – Германия). Үшінші төреші словакиялық Петер Будак.

Айта кетейік, футзалдан Қазақстан құрамасы УЕФА рейтингінде 3-орында тұр. Ал Армения құрамасы бұл рейтингте 17-орынға жайғасқан. 

Бөлісу
Жоғары