Михал Билек: «Шотландия қапталдағы ашық аймақтарды жақсы пайдаланады»

Михал Билек: «Шотландия қапталдағы ашық аймақтарды жақсы пайдаланады»

19 қараша 2019, 05:00
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек Шотландиямен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Ойынға дайындық қалай? Вороговский жарақатына байланысты команданың қатарынан кетті деп естідік. Жуковтің денсаулығы жақсарды ма? 

- Иә, жарақатына байланысты Ян Вороговский үйге қайтты. Жуковтің денсаулығы аздап сыр берген. Ойын алдындағы жаттығудан кейін жағдайын тағы да тексереміз. Бізге кімнің қарсылас болатынын түсінікті. Қазақстан турнир кестесінде үшінші орын үшін жарысты жалғастырады. Ертең қызық ойын күтіп тұр. 

- Шотландия құрамасы гол жіберуден топта екінші орында тұр. Сан-Марино құрамасы ғана қақпасына голды көбірек жіберді. Бұл фактор қаншалықты көмектеседі?

- Мұндай статистикаға қарамаймыз. Әр ойын - жаңа тарих. Ертеңгі ойында үшінші орын үшін алаңға шығатынымызды қайталап айтамын. 

- Шотландия құрамасының мүмкіндігі қандай? 

- Шотландия құрамасы — жақсы команда. Ойынды ұйымдастыра алады. Жүрекпен ойнайды деп айтуға болады. Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігі болып жатса, соңына дейін күреседі деп ойлаймын. 

- Қазақстандағы алғашқы ойын қаншалықты әсер етті? 

- Қазақстанда біздің футболшылардың барлығы жақсы ойнады. Ойынның оныншы минутына қарай 2:0 есебімен алда тұрдық. Іріктеу кезеңінің ең үздік ойынын көрсеттік деп ойлаймын. Ертең басқа ойын болмақ. Менің ойыншыларым соңына дейін талас жүргізеді деп сенемін. 

- Қазақстан үшін Шотландия құрамасының қай ойыншысы қауіпті? 

- Шотландия құрамасының ойыншыларын жекелеп бөлмей-ақ қояйын. Қарсыластың командалық ойыны жақсы. Қапталдағы ашық аймақтарды жақсы пайдаланады. Футболшылары жылдам әрі алыстан тебетін соққылары мығым.

Бөлісу
Жоғары