Нұрсұлтан Пиялы: «Басты қарсылас - Румыния»
- Жарысқа деген дайындық өте жақсы. Қазақстан футзалының деңгейі өсіп келеді. Елордада ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиыны соның дәлелі. Футзалға көп көңіл бөліп жатқан Қазақстан Футбол федерациясына үлкен рахмет айтамын.
- Халықаралық жарыстардағы ойындарға қатыстыңыз ба?
- Осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық жарысқа қатыстым. Португалия, Испания және Ресейде өткен турнирлерде бағымды сынап көрдім.
- Топтағы қарсыластар туралы не айтасыз?
- Рейтингке қарап, Қазақстан құрамасын топтың көшбасшысы деп санауға болады. Румыния құрамасы басты қарсыласымыз деп ойлаймын. Негізі іріктеу кезеңінде бір топта ойнадық. Тағы да жеңіске жетуге ұмтыламыз.
- Игита мен Дуглас команданың қатарына қосылғаны сенімді арттырады ма?
- Игита, Дуглас сынды ойыншылардың деңгейі жоғары. Әлемнің үздіктері. Команданың сенімін арттыратыны сөзсіз.
- Жанкүйерлерді қызықтыратын сауал. Нұрсұлтан Пиялының ойын мансабы қалай басталды?
- Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келдім. Алғаш рет Шымкент қаласының спорт мектебінің командасында ел чемпионатында ойнадым. Кейін «Жетісу» командасынан шақырту алып, бір маусым өткіздім. Әрі қарай «Қайрат» командасына ауыстым.
- Қазақстан Кубогындағы жеңіс қандай мотивация берді?
- Қазіргі таңда Қазақстанда футзалдың деңгейі жоғары. Бірнеше жаңа команда қосылды. Қазақстан Кубогының финалы тартысты өтті. Финалдың жеңісі мотивация беретіні сөзсіз. Элиталық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, Әлем Чемпионатына шығу қажет.