Астанада Тәуелсіздік күніне арналған Сейдахмет Бердіқұлов турнирі өтті
Жеребе қорытындысы бойынша командалар екі топқа бөлінді. «А» тобында «Қызылорда», «Қазақстан қалалары», «Astana TV», «Tumalas.kz», «7 арна» командалары ойнаса, «В» тобында «Қазмедиа», «Qazaq team», «Шымкент», «Metaratings.kz» және «Хабар» командалары доп тепті.
Топтық ойындардың нәтижесі бойынша жартылай финалда өз топтарынан үздік шыққан «Қызылорда» - «Шымкент», «Хабар» - «Қазақстан қалалары» жұптары кездесті.
Ал финалда «Хабар» жігіттері қызылордалық әріптестерін жеңіп, Berdiqul cup-2022 жеңімпазы атанса, үшінші орын үшін өткен ойында шымкенттіктер «Қазақстан қалаларын» ұтты.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысының орынбасары Александр Кеплин қатысты.
Сейдахмет Бердіқұлов – ұзақ жылдар бойы «Лениншіл жас» (қазіргі – «Жас алаш») газетінде редакторлық қызмет атқарған, қазақ спорт журналистикасына өшпес мұра қалдырған қаламгер. Ал Сейдахмет Бердіқұлов атындағы БАҚ өкілдері арасындағы турнир 1994 жылдан бастау алады.