Магомед Адиев: «Алдағы кездесуде барлығы орталық алаңдағы ойынға байланысты болады»

Магомед Адиев: «Алдағы кездесуде барлығы орталық алаңдағы ойынға байланысты болады»

19 маусым 2023, 01:11
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев баспасөз мәслихатында Солтүстік Ирландиямен өтетін ойын туралы пікірін қалдырды.

- Магомед Мұсаұлы, Солтүстік Ирландиямен өтетін ойыннан не күтесіз?  

- Салмақты әрі ауыр ойын күтеміз. Олар өз алаңында соңғы рет сәтсіз ойнады. Сол себепті Солтүстік Ирландия нәтижені жақсартуды ойлайтыны анық. 

- Солтүстік Ирландия құрамасының бас бапкері Қазақстан құрамасын талдау қиын, өйткені ойыншылары танымал емес деді. Бұл Қазақстан құрамасы үшін басымдық деп ойлайсыз ба? 

- Келіспеймін. Бұл жағдайда ешқандай мәселе жоқ. Команданың ойынына талдау жүргізу бапкерлердің жұмысы. Бұл бізге басымдық бермейді. Біз қатысқан ойындардың барлығы қолжетімді.  

- Абат Айымбетов қайта оралды. Сіз үшін өте маңызды ойыншы ма? 

- Біз үшін әр футболшы маңызды. Абат көптеген ойында нәтиже алып келді. Гол соқпаса да команда үшін бар күшін салады.  

- Солтүстік Ирландия күшті қажет ететін британдық футбол ойнайды. Допқа талас жиі болатын ойын күтесіз бе? 

- Иә, олар баяғыдан бері солай ойнайды. Көп жүгіруге тура келеді. Қапталдағы ойыншыларды қосуға талпынады. Тартыс көп болмақ. Орталық алаңда ойынды өзгертіп отыру қажет. 

- Өткен ойыннан кейін ойыншылардың барлығы қатарда ма? Қазақстан құрамасы қорғанысқа көп көңіл бөле ме? 

- Барлық ойыншылар қатарда. Ешқандай мәселе жоқ. Ойын туралы айтатын болсақ, менің ұстанымымды жақсы білесіздер. Мен әрқашан ойын теңдігін қалаймын. Алдағы кездесуде барлығы орталық алаңдағы ойынға байланысты болады. 

- Сан-Мариномен өтетін ойынға қатыспаған жігіттер бұл жолы тізімге енуі мүмкін бе?  

- Ойланамыз. Үш ойыншы тізімге енбейді. Оның біреуі орталық қорғаушы. Менің шешімім жігіттердің көңіл-күйін түсіруі мүмкін. Бір жағынан команданың нәтижесі, екінші жағынан жігіттердің реніші. Алайда, мен қиын сәтте де өз ұстанымымнан бас тартпаймын. 

- Біздің топтың нәтижесі ерекше. Төрт команданың алты ұпайы бар. Соңғы турға дейін тартыс сақтала ма? 

- Мен ең басында айтқанымын, біздің топ өте қиын әрі ерекше деп. Барлығы ұпай жоғалтады-ау деп ойладым. Соңғы турға дейін солай жалғасса да таңғалмаймын. 

Бөлісу
Жоғары