ҚФФ мен ҚР Қорғаныс министрлігі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
Ынтымақтастықтың мақсаты футболды және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерінде ҚФФ мен ҚР Қорғаныс министрлігінің күш-жігерін біріктіру болып табылады.
Меморандум аясында футбол академияларын, сондай-ақ әуесқой және кәсіби футбол клубтарын құру көзделген. Ынтымақтастықтың маңызды қыры Қорғаныс министрлігіне тиесілі объектілердегі футбол алаңдарын жаңарту, содан кейін оларды футбол бірлестіктерін дамыту және бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін пайдалану болады.
«ҚР Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастықтың маңызды бағыты біздің футболды Қарулы Күштерде танымал ету, сондай-ақ елімізде футбол инфрақұрылымын дамыту болады. Бірлескен жоба спорт нысандарын реконструкциялау және салу, сондай-ақ футболдан жаппай жарыстар ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа бағытталады. Меморандум бізге инфрақұрылымды жақсарту және футболды дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Әділет Барменқұлов.
«Құжатқа қол қою ҚР Қарулы Күштерінде және қазақстандықтар арасында футболды насихаттау бойынша одан әрі бірлескен жұмыс үшін бастама болады. Бұл бағыттағы ынтымақтастық спорттық іс-шаралар деңгейін көтереді, ал бірлескен күш-жігер дарынды футболшылардың жаңа есімдерін ашуға көмектеседі», – деп атап өтті Ербол Құмарбекұлы.
Сонымен қатар, тараптар бұқаралық футболды дамытуға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Меморандум спортқа көбірек адамдарды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.