ҚФФ УЕФА-ның бұқаралық футбол бойынша марапатын жеңіп алды

ҚФФ УЕФА-ның бұқаралық футбол бойынша марапатын жеңіп алды

30 сәуір 2024, 11:25
УЕФА-ның штаб-пәтерінде 2023/24 жылғы «UEFA Grassroots Awards» бұқаралық футбол бойынша марапаттау рәсімі өтті.

Айта кетейік, 2023 жылы ҚФФ Бұқаралық футбол департаменті өткізген «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» 2023/24 маусымының УЕФА бұқаралық футбол марапаты аясында үздік футболға баулу жобасы деп танылды.

Ньонда (Швейцария) өткен марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Андрей Дудин қатысты.

ҚФФ ұйымдастырған «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» 2023 жылы бірнеше айға созылған болатын. Жоба балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін ұжымда жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, физикалық және психологиялық денсаулықтарын нығайтуға және қолайлы әлеуметтік ортаны құруға бағытталды.

Фестиваль Қостанай, Павлодар, Тараз, Алматы, Петропавл, Шымкент, Қызылорда, Бурабай, Өскемен және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылды.

UEFA Grassroots Awards премиясына үміткерлерді Еуропаның ұлттық футбол қауымдастықтары ұсынады, ал жеңімпаздарды ұйымның төменгі тобының ұсыныстары негізінде УЕФА-ның Даму және техникалық көмек комитеті таңдайды.

Естеріңізге сала кетейік, UEFA Grassroots Awards марапаты 2010 жылдан бері футболдың дамуына қосқан үлесі мен жетістіктері үшін беріліп келеді.

УЕФА техникалық директоры Фрэнк Людольф ҚФФ-ны марапатымен құттықтады.

«Қазақстанның УЕФА-ға мүшелігіне өткені әлі есімде. Ол кезде мен осы мәселе бойынша жұмыс тобында болған едім. Ал қазір сіздер ерекше футбол жобасын іске қостыңыздар. Бұл футбол ойыннан да жоғары екенін дәлелдейді. Футбол отбасы не жеке жағдайына қарамастан кез келген адамды біріктіреді. Қазақстан футбол федерациясын жеңісімен құттықтаймын! Жобаларыңыз болашақта футболда да, қоғамда да пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деді  Людольф.

UEFA Grassroots Awards 2023/24 маусымының жеңімпаздары:

Үздік әуесқой клуб:

1. GOALS (Армения)

2. Curracloe United AFC (Ирландия)

3. FK Ataka (Литва)

 

Үздік кәсіби клуб:

1. «ДАК-1904» ФК (Словакия)

2. «Богемиан» ФК (Ирландия)

3. «Рух Львов» ФК (Украина)

 

Футболға баулу бойынша үздік жоба:

1. «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» (Қазақстан)

2. «Қыздарға арналған мобильді жаттығулар» (Германия)

3. «Менің алғашқы голым» (Чехия)

 

Үздік білім беру бастамасы:

1. Calcio+15-WU15 (Италия)

2. Мектеп футболы (Армения)

3. Оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламасы (Солтүстік Ирландия)

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған футболдағы ең үздік бастама:

1. Клубтарға арналған мүгедектікті қолдау пакеті (Англия)

2. Қол мен аяқтың дамуы (Бельгия)

3. Futbol Plus (Польша)

Бөлісу
Жоғары