ҚФФ президенті Марат Омаров Ұлттық құрамалар базасына іс-сапармен барды
Іс-сапар барысында ҚФФ басшысы инфрақұрылымды жетілдірудің маңызын атап өтіп, базаны жаңғыртуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, кешеннің материалдық-техникалық базасын жақсарту және қаржыландыру жүйесін жүйелі қалыпқа келтіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Қазіргі уақытта Ұлттық құрамалар базасында 16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер академиясының ойыншылары жаттығады. Марат Омаров академияның Стюарт Холл бастаған жаттықтырушылар штабымен кездесіп, болашақ жоспарларды талқылады. Сондай-ақ U-16 академиясының жұмысына ерекше назар аударды.
Қазақстан футбол федерациясының президенті сайлауалды бағдарламасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдер спортын жан-жақты қолдау және жүйелі түрде дамыту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.