Бақтиер Зайнутдинов: «Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, ал қасымда Бразилия мен Италия құрамасының ойыншылары жүр»

Бақтиер Зайнутдинов: «Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, ал қасымда Бразилия мен Италия құрамасының ойыншылары жүр»

29 қаңтар 2025, 11:51
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат беріп, Түркиядағы өмірі мен мансабы және ұлттық құрамадағы өзгерістер жайлы айтып берді.

- Бақтиер, сен Қазақстанға, әсіресе туған Таразыңа сирек келесің. Келгенде қандай сезімде боласың?

- Үйге әрқашан тартып тұрады ғой. Соңғы жеті жылдан бері Қазақстанда тұрмаймын, сол себепті мүмкіндік болған сайын келуге тырысамын. Туған-туыстарымды сағынамын. Кейбіреулер футболшы болу оңай деп ойлайды, бірақ мүлдем олай емес. Осы жылдар ішінде отбасымызда болған қуанышты сәттерде бірге бола алмадым. Туған күндерді, тойларды жіберіп алдым. Жиенімнің қалай өсіп келе жатқанын көрмеймін, бұл мен үшін қиын. Футбол өмірінің теріс жағы осындай. 

- Мәскеуде тұрдың, қазір Стамбұлдасың. Таразға оралғанда ірі қалалардағы үйреншікті нәрселеріңді іздеп әуреге түспейсің бе? Мысалы, инфрақұрылым жағы жетіспейтіндей көрінбей ме?

- Мен үшін сервис пен инфрақұрылым маңызды емес. Ең бастысы — туған-туыстарым, жақындарым. Бақыт деген сол. Бұл — менің үйім.

- Ұлттық құрамаға әр шақыртуыңда ерекше эмоция бола ма, әлде үйреншікті нәрсеге айналды ма?

- Құрамаға шақырту алған кезде көңіл-күй әрқашан жақсы болады, өйткені командада достарым бар. Бірге кешкі ас ішу, қазы жеп, қымыз ішу - былай қарағанда қарапайым нәрсе болуы мүмкін. Бірақ Стамбұлда мүндай мүмкіндігім жоқ. Сондықтан болар осындай нәрселерді сағынамын. Достарыммен құрамада өзіміздің асты ішу - сағынамын.

 - Түркияда тұрмыс-тіршілігіңді жайғастыруға қанша уақыт кетті? Тез үйреністің бе?

- Шыны керек, бастапқы жарты жыл қиынға соқты. Ол жақтағы тұрмысты мүлдем басқаша елестеткен едім. Түрік сериалдары мен оқу-жаттығу жиындардың әсері болу керек. Бірақ Анталья мен Стамбұл мүлдем басқа қалалар. Ішім пысып, өзімді немен баулуды білмедім. Түрікше сөйлей алмаймын, бірақ ағылшынша үйреніп жүрдім. Бірақ кейіннен бәрі бір қалыпқа келіп, үйреністім.

- Осы бір кезеңде қол үшін берген әріптестерің болды ма?

- «Бешікташта» тез үйренісіп кету үшін ойыншыға бар жағдайын жасайды. Тіпті, клубта футболшылардың тұрмыс-тіршілігіне көмектесетін үш қызметкер бар. Олар пәтер мен көлік қарастырып, құжаттармен көмектеседі. Сұрағаныңды істейді. Туыстарыңа виза жасатуға дейін көмектесіп тұрады. Клуб осы арқылы ойыншыларды тұрмыстағы проблемалардан сақтайды. Бастысы – алаңға шығып футбол ойнау. Қалғанын өздері шешеді. 

- Мұндай ұсақ-түйекке мән берудің өзі сенің үздік клубқа келгеніңді бірден сездірді ме?

- Иә, осыдан-ақ «Бешікташтың» қандай үлкен клуб екенін байқауға болады. 

- Түркияда не ұнайды немесе не ұнамайды?

- Жанкүйерлердің футболға деген махаббаты таңғалдырады. Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық жерде футбол туралы айтады! Ал футболшылар бұл жақта өте танымал. Түркия құрамасының ойыншысы болсаң, кез келген жерде керемет күтіп алады. Өте қатты құрметтейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұны байқамайсың. 

Стамбұлдың басты проблемасы – көлік кептелісі. Мәскеудің өзінде көлік жүргізушілері ереже сақтайды. Ал Стамбұлда жергілікті трафикке үйрену қиын. Жаттығуға кейде 15 минут, кейде бір жарым сағат жүріп барасың. 

- Суперлига несімен таңғалдырды?

- Медиада, ТВ-да қалай насихаттайтыны таңғалдырды. Түріктер үшін дін, отбасы және футбол маңызды. Жанкүйерлермен қарым-қатынас өте жоғары деңгейді. Бұл өте маңызды. Әр жаттығудан соң жанкүйерлер күтіп алады. Осы бір жарым жыл ішінде жаттығудан кейін жанкүйер болмаған күн кездеспеген. 

 - Жанкүйерлердің назары артық болып кеткен кездер болды ма? Мысалы, үйіңнің алдында күтіп тұрғандар кездесті ме?

- Назар, әрине, бар. Базада бірнеше рет суреттер, басқа да сыйлықтар әкеліп бергендер болды. Бірақ сен де алғыс білдіруің керек, сол үшін футбол жейделерін үнемі өзіммен алып жүремін. 

- Ал егер «Бешікташтың» жанкүйері болмаса ше?

- Бұл үлкен клуб қой, оның туыстарының немесе достарының ішінде міндетті түрде «Бешікташқа» жанкүйер болатын адам табылады.

- «Бешікташта» достарыңыз кім?

- Бәрімен жақсы қарым-қатынас ұстауға тырысамын. Десе де клуб массажистерімен достасып кеттім. Барбекюға жиі шақырып тұрады. Керемет жігіттер. 

Ал ойыншылармен араласу туралы айтсақ, мұнда кез келгеніне оңай барып сөйлесе аласың, бәрі ашық. Тіпті Иммобиле немесе Окслейд-Чемберлен де жай ғана сөйлеседі. Мысалы, Алекс Окслейд-Чемберленмен «Ливерпульдегі» кезеңі туралы сөйлестім. Маған ол жақта қалпына келу процесі қалай өтетіні, дұрыс тамақтану және басқа да ұсақ-түйектер қызық болды.

Айтпақшы, Алекс екеуміздің тағы бір қызық оқиғамыз болды. Мен жарақат алып қалдым, сонда ол өзі қасыма келіп, көмек ұсынды. Жеке физиотерапевті бар екенін, оның маған кеңес беріп, көмектесе алатынын айтты. Бұл мені қатты таңғалдырды.

- Сонда мұндай тәжірибесі бар ойыншылар тек қағаз жүзінде жұлдыз болып көрініп, ал өмірде қарапайым ба?

- Иә, қарапайым жігіттер. Бір сәт есімде, киім ауыстыратын бөлмеде отырып, ойланып кеттім: мен Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, осындай деңгейде ойнауды армандадым. Сосын сол жаққа қарасам – Окслейд-Чемберлен, оң жақта – Эрик Байи. Кейін Италия мен Бразилия құрамасының ойыншылары Иммобиле, Габриэль Паулиста келді. Осындай сәттерде Аллаға шүкіршілік етемін. Маған осындай футболшылармен ойнауға, олардан үйренуге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын.

- Қазір Түркияда құрамасында болашағы зор жас ойыншылардың қатар артты. Футбол мектептері мен құрылымының ерекшелігі неде?

- Ең алдымен, олардағы алаңдарды атап өту керек. Жыл он екі ай табиғи шөп төселген алаңдарда жаттығуға мүмкіндік бар, жағдайлары өте жақсы.

- «Бешікташта» Семих Кылычсой ерекше жарқырап ашылды. Бұл клуб жүйесінің жемісі ме, әлде тумысынан талант па?

- Бұл – симбиоз. Өзі дарын, бірақ клубтың да үлесі бар. Керемет талант иесі, болашақта Еуропаның үздік клубтарының бірінде ойнайды деп ойлаймын. Оның амбициясы зор, мақсатына жетуге деген ұмтылысы мықты.

Өзімді оның жасындағы кезіммен салыстырып қарадым. Ол кезде мен «Тараздың» қосалқы құрамында ойнадым. Әлі бала болатынмын. Ал Семих қазірдің өзінде мүлде басқа деңгейде ойын көрсетіп, өте жоғары деңгейде ойнап жүр.

- «Бешікташ» академиясында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Аламгир Смақов ойнап жүр. Оның бейімделуіне көмектесіп жатырсың ба? Ойындарына барып тұрасың ба?

-​​​​​​​ Ол «Бешікташқа» ауысқан кезде, Самат Қабірұлы Смақов Аламгирге қолдау көрсетуімді сұрады. Біз оны қарсы алып, қолымыздан келгенше кеңес бердік. Оған әрдайым көмектесуге дайын екенімді жеткіздім.
Қөкінішке қарай, олар басқа жерде жаттығады. Сондықтан әзірге оны алаңда көруге мүмкіндік болған жоқ.

-​​​​​​​ Құрамада біртіндеп жасарту процесі жүріп жатыр. Жаңа ойыншылар қалай бейімделіп жатыр?

-​​​​​​​ Бізде жақсы ойыншылар өсіп келеді. Әрқайсы ұлттық құраманың болашағы. Құраманың негізгі тірегіне айналады. Қазірдің өзінде команданың біртіндеп өзгеріп жатқанын байқауға болады.

-​​​​​​​ Тактикадағы өзгерістерге қалай қарадың? Жаңа схемаға көшу – маңызды өзгеріс қой?

-​​​​​​​ Біз жігіттермен бұл туралы сөйлестік. Бәріне бұл тактика ұнады. Теорияны талқылады. Бұған дейін прессинг кезінде шабуылда бір ойыншы жетіспей тұратын. Қазір осыны өзгерттік. Мұндай өзгерісті толық түсініп, нәтижесін көру үшін уақыт қажет.

-​​​​​​​ Ірі брендтермен жарнамалық келісімшарттар жасай бастаған алғашқы қазақстандық футболшы сияқтысың. Бұл сен қаншалықты қызық бағыт?

-​​​​​​​  Қазіргі заманда спортшы үшін әлеуметтік желілер жүргізу, медиаға белсенді болу маңызды. Бірақ мен мұны аса ұната бермеймін. Табиғатымнан жабық адаммын. Көп адам бұл бағытта белсенді болуды ұсынады. Дегенмен, мен үшін бірінші кезекте – футбол, қалғаны екінші орында. 

Алайда Еуропада футболшылар үшін жарнамалық келісімшарттар – бұл кәсіптің ажырамас бөлігі. Сондықтан болар көзқарасым өзгерді. Дегенмен тек сенімді серіктестермен жұмыс істеймін. Футболға көбірек назар бөлу керек болғандықтан жарнамалық келісімшарттарым айтарлықтай көп емес.

-​​​​​​​ Бас тартқан ірі ұсыныстар болды ма?

-​​​​​​​ Иә, болды. Бір букмекер жылдық келісімшарт үшін қомақты сыйақы ұсынды. Бірақ мен бірден бас тарттым, тіпті ойланбадым.

-​​​​​​​ Қазақстан чемпионатын бақылап жүрсің бе?

-​​​​​​​ Иә, әрине. Өткен маусымның соңында қатты уайымдадым. Әрине, мен үшін «Тараз» бен «Астана» жақын, өйткені ол жақта ойнадым. Бірақ жалпы Қазақстан чемпионатындағы үлкен матчтарды жиі қараймын.

-​​​​​​​ «Таразды» атап өттің. Неге елімізге осыншама футболшы сыйлаған клубтың қазір жағдайы осындай деп ойлайсың?

-​​​​​​​ «Тараздың» Бірінші лигада жүргені мен үшін ауыр. Бұл клуб мұндай деңгейде болмауы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі кезең көптеген жергілікті ойыншылардың толық ашылуына мүмкіндік бермейтін сияқты.

Неге бұлай болды? Оның себебі көп. Бірақ қалада аз болатындықтан ішкі жағдайды білмеймін. Болашақта бәрі жақсы болып кетеді деп сенемін.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары